Сөз еркіндігі жайында

Руслан Ақмағанбет: «Алаш» партиясының бағдарламасында «Баспасөз бостандығы» дейтін бағыт бар. Бұл — демократияның ең негізгі бөлігі. Жыл сайын дүниежүзінде баспасөз еркіндігі индексі жарияланады, сол арқылы сөз еркіндігінің ахуалы айқындалады. Сөз еркіндігін шектемеген елдерде міндетті түрде демократияның да индексі жоғары болады.

«Алаш» партиясының бағдарламасында «Хәкімнен қысымшылық көрмей, рұқсат сұрамай, газет, кітап, жарнамалар басып таратуға ерікті болу. Баспасөз бостандығы болғанда цензура (сөз аңду) болмау. Ауызша яки баспасөзбен кірлеу, сөгу, өсектеу, кісі өлтіру секілді жұмысқа сот алдында жауапты болу» делінеді.

Руслан Ақмағанбет
Руслан Ақмағанбет. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Міржақып Дулатұлы «Біздің істер» деген мақаласында сөз бостандығының мәніне тоқтаған. Мақаланың эпиграфында «ауруын жасырған өледі, борышын жасырған төлейді» деген сөзді негізге ала отырып, былай дейді: «Біреудің көрінеу жауыздығын айтпаудың өзі жауыздық. Біреудің ұрлығын біле тұрып айтпасаң, сен өзің ұрысың. Бір жұрттың тұтынып келе жатқан қалпы-салты теріс болса, оны көрсету — сол жұрттың өз пайдасы. Бір адам бүкіл жұртқа жақсылық қылып жарылқай алмаса да, жауыздық қылып қарғай алмаса да, сондай иә жақсы, иә жаман мінезді адамдар ел ішінде көп болғандықтан hәм ел дегеннің өзі сондай жеке адамнан құралғандықтан жақсылығы да, жамандығы да елге ортақ болады. Соның үшін біреудің жұртқа пайдалы деп көтергенде яки зиян деп кеміткенде, солардай пайдалы адамдардың көбеюі арқылы жұрт азады деген көзбен қарау керек». Осылайша, Міржақып Дулатұлы сөз еркіндігі ұғымын әділдіктің жаршысы, әлсізді қорғау, барды бар деп айту, құқықты алға тартуды мақсат ету деп түсіндіреді.

Ол «Қазақ» газеті біреудің соңына түссе, қалмайды», «мұқатпай тоқтатпайды» деп айыптайтындарға да былай жауап береді: «Жаманатты болмайын деп, жұртқа зиян адамдардың айыбын жарияламай, халықты одан сақтандырмай отыру — газетке күнә. (…) Газет кімнің көңіліне қарау керек, қай жағына шығу керек: жәбір берушінің бе, жәбір көрушінің бе? (…) Ел ішіндегі зорлық, зомбылық, ұрлық, парақорлық — халықтың надандығынан. Бұрын біздің мықты екі жауымыз бар еді: бірі — надандық та, бірі — ескі хүкімдік ескі заң. Енді бостандық туғаннан бері екі жаудың бірі кеміді. Ендігі күшті жауымыз — надандық. Бұл надандықты жеңбей, одан құтылмай тұрып, тоқсан бостандық болса да, жұрттың ілгері басуы қиын».

«Қазақ» газеті сол тұста сөз еркіндігін берік ұстаным еткен. «Қазақ» газетінде «Газетімізге штраф» деген мақала жарияланған. Бұл материалда патшалық Ресей тұсында үкімет органдарының жасаған айыппұлы туралы айтады. 

«80-нөмірмен шыққан «Қазақ» жаңа закон жобасы туралы жазылған бас мақала үшін Оренбург губерниясының бас начальнигі шығарушыға мың жарым сом штраф салды, төлемесе, үш ай абақты. Шығарушы Ахмет Байтұрсынов жаңа шыққан жас газетаға мың жарым сом төлеу ауыр болатындығын ойлап, 3 ай отыруға риза болғаннан кейін 20 октябрьде кешкі сағат 10-да полиция абақтыға отырғызған еді. Былтырдан бері денсаулығы нашар болғандықтан абақтының ауасына 3 ай отыруға шыдамайтындығы білініп, 22 октябрьде мың жарым сомды төлеп, абақтыдан шықты». 

Бұдан алаш зиялылары дербес мемлекет құру жолында тәуелсіз баспасөз қалыптастыруды, сөз еркіндігін ұстануды ең негізгі қағидаға айналдыруды мақсат еткенін байқаймыз. Өйткені демократия орнаған қоғамда басқа біреудің айтқан орынды сыны — кемшілікті түзеуге берілген мүмкіндік.

Бақытжан Бұқарбай: Демократияны жеделдететін құндылықтың ең негізгісі — сөз еркіндігі. Баспасөз еркін болмаса, қалғаны да болмайды. Қаңтар оқиғасынан кейін біз сөз еркіндігін қайтара алдық деп айтуға болады. Осы еркіндікті сақтап қалуға тиіспіз. Өзінің күнделікті әрекеті арқылы аянбай күресіп жүрген азаматтық белсенділер, журналистер бар. Олардың күресі тоқтамауға тиіс.

Бұл еркіндігімізге әрдайым шабуыл жасала береді. Еркіндікті, бостандықты тегіннен тегін ешкім беріп қоймайды. Азды-көпті қайтарғанымызды беріп қойсақ, кері кетеміз. Авторитар жүйеге тереңдеп енуіміз мүмкін. Қоғамда өзекті мәселенің көп болуына байланысты әзірше халықтың көпшілігі сөз еркіндігінің маңызын түбегейлі түсіне қоймас. Бұған ешкім ақша төлемесе де, белсенділердің, журналистердің қызметі бір сәтке де тоқтамауы керек. Күрес деп талай жыл шыдап келіп, бір күнде бұрқ етіп жарылған, қан төгілген қырғын оқиғаларды айтып отырғаным жоқ. Күрес сөзінің астарын күн сайын белсенді болып, азаматтық борышымызды орындап тұру деп түсінуге тиіспіз. Сол кезде ғана біртіндеп мақсатымызға жетеміз.

Бақытжан Бұқарбай
Бақытжан Бұқарбай. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Қазір журналистерге жасалып жатқан шабуылдарды естіп, көріп жүрміз. Қызметіне байланысты жуырда ғана қысымға ұшыраған тәуелсіз журналист Вадим Борейкоға былтыр берген сұхбатымда сайлаудан кейін тілшілерге шабуыл басталатынын айтып едім. Сол сөзім айдай келген сияқты.

Әйел теңдігі турасында

Руслан Ақмағанбет: Алаш бағдарламасы жарияланғанда онда «Әйел мәселесі» деген бөлім болды. Мұның өзі Алаш идеясында адам құқығы, соның ішінде әйел құқығы мен теңдігі ұшырасатынын анық көрсетеді. Бағдарлама авторлары осы бөлімде «Әйелдер саяси құқықта ерлермен тең болсын», «Күйеуге тию еркі әйелдің өзінде болсын», «Қалыңмал жойылсын», «Тұл қатын сүйгеніне тисін, әмеңгерім деп зорлық қылу болмасын» деген құқықтық және либерал-демократиялық мәндегі мазмұнды қамтыды.

Міржақып Дулатұлы «Әйел теңдігі» мақаласында қазақ қоғамының сол кездегі әйелге деген көзқарасын, мысалы, қазақтың қызды бала деп есептемейтінін айыптайды.

«Біреудің үш қызы, бір ұлы болса, Пәленшенің баласы нешеу деп сұраған кісіге «біреу» деп жауап береді. Үш қызды айтпайды. Біреудің он қызы болып, бір ұлы да болмаса, «Пәленшенің баласы жоқ, қу бас» дейді. Он қыз — бала емес. Біреудің қатыны босанса, «не туды?» деп сұрайды. Сонда білгісі келетіні: бала ма екен, мал ма екен? Қыз тапқан болса, «қырық жеті» деген жауап алады. Қазаққа біреу қызыңды оқыт десе, қызым молда болмай-ақ қойсын, «байтал шауып бәйге алмас» дейді. Қызы өлген қазақтың балам өлді деп қайғыратыны сирек болады. (…) Ұлы өлсе, азалып болып, жұрт көңіл айтып, қамкөңілді болып қалады» деп жазады.

Руслан Ақмағанбет
Руслан Ақмағанбет. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында әйел құқығы мәселесі өзекті бола түсті. Алаш арыстары Еуропада дәл осы мәселе көтеріле бастағанда мұны солардан естіп, білгеннен ғана бұл тақырыпты көтерген жоқ. Олар қазақ қоғамындағы әйел құқығы мен теңдігіне қатысты қандай проблемалар бар, соған мән берді. Көп әйел алу, қызды малға сату, әмеңгерлік сияқты мәселелер көтеріліп жатты. Сонымен бірге оларды қыздарды оқытуды, қоғамдық-саяси процестерге араласуын құп көрді.

Мысалы, Әлихан Бөкейханұлы «Дәл қазіргі қазақ қоғамында бұл мүмкін емес, бірақ кей елде әйел депутаттар бар. Күндердің күнінде бізде де әйел депутат болып, лауазымды орында отыруы керек» дейді. «Сарыарқа» газетінде жарық көрген мақаласында «Қазақтың 50%-і — әйел. Бұл құстың екі қанаты сияқты, ол бір қанатымен ұша алмайды» дейді. Осылайша, ол өркениетке, жақсы өмірге ұмтылғымыз келсе, онда әйелді ермен тең етуіміз керек деген.

Қазіргі күні әйелдерге қатысты көп мәселені заң тұрғысынан шешкенімізбен, кейде бұл мәселені қайта айтуымыз керек сияқты. Себебі қоғамда кейде «Әйел үйде отыруы керек», «Ол ерден бір саты төмен», «Әйелдің миссиясы басқа» дейтін қате көзқарас ұшырасып қалып жатады.

Бақытжан Бұқарбай: Өзім де профеминистік көзқарастағы ермін. Кітабымызды қолға алып қарасаңыз, оның мұқабасында Алаш арыстары бейнеленген, ал солардың арасында журналист Ғайнижамал Дулатова ең жоғарыда және ең бірінші тұр. Бұл — ер мен әйел тең, сол себепті оның құқығы мен мүмкіндігі де ердікімен бірдей болсын дейтін ұстаным.

Әйел білім алуға, жұмыс істеуге, саясатқа араласуға, өз тағдырын шешуге құқылы. Өйткені Конституция бойынша «демократиялы», «зайырлы», «құқықтық» мемлекетте өмір сүріп жатырмыз. Әйел құқығын шектеген қоғамда өркениет те болмайды, тек кері кетеріміз анық.

"Алаш демократиясы. Өркениетті қоғам құру жолында" кітабы
«Алаш демократиясы. Өркениетті қоғам құру жолында» кітабы. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Жиылыс жасау еркіндігі жөнінде

Руслан Ақмағанбет: Жиылыс (митинг — ред.) жасау құқығы қоғамдағы мәселені шешуде көпшілікті барынша жұмылдыруға мүмкіндік береді. Ерте заманда демократияның қалыптасуына әсер еткен де осындай жиылыстар еді.

Бақытжан Бұқарбай және Руслан Ақмағанбет
Бақытжан Бұқарбай және Руслан Ақмағанбет. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Алаш арыстары да жиылыс жасау құқығын көтерген. Олар барлық салада демократия құндылықтарын негізге алды. «Алаш» бағдарламасында «Жиылыс жасауға, қауым ашуға, жария сөйлеуге, газет шығаруға, кітап бастыруға еркіншілік» деп жазылған.

Мұның өзі бірнеше түрге бөлінеді. Қандай да бір мәселені бір жерге жиылып талқылау бар, сонымен қатар адамдар тобы көкейіндегі талаптарды қою үшін жиылады. Алаш зиялылары мұның мәнін жете түсініп отырып жазған. Мұны дәйектеу үшін 1913 жылы қазақ қоғамында болған «Бас қосу» туралы талқыны айтуымызға болады. І және ІІ думаға қазақтан депутат сайлануға рұқсат етіліп, ІІІ дума шақырылымына рұқсат етілмеді. Сол кездегі қазақтың саны 5-6 миллион шамасында еді. Қазақ патшалық Ресейдегі саны көп халықтың бірі бола тұра осындай теңсіздік көрді. Міне, сол тұста Жаhанша Сейдалиннің алдағы ІV думаға қазақтан депутат сайлау мәселесін, басқа да қордаланған мәселелерді талқыласақ дейтін мақаласы жарық көрді. Студент Ж.Тілеубергеновтің «Бас қосу турасында» деген мақаласында қазақ халқына қазіргі күні бас қосу, съезд ашу бек керек деп жазады.

«Еуропа халқы қандай ғана іс болса да бас қосып, ақылдаспай тұрмайды. Патшалықтағы парламент hәм думалар сол басқосудың соңғы hәм ең керекті пайдалы түрі. Ақылдасып істеген істің өкініші-арманы болмайды. Сиезге рұқсат алып бас қоссақ тәртіпсіздік шығар, сиез жабылар, сиез мезгілсіз болып өзіміз жазада қаламыз деп уайым айтушылар да болар. Бірақ көлеңкемізден үркіп жүріп күн көре аламыз ба? Халқымыздың надандығынан қорқып, бүркенгеннен санаулы ғұмырымыз босқа өтеді ғой».

Ал Әлихан Бөкейхан сол кездегі қазақ жиылысы туралы түйінді сөзінде «Болатын бас қосудан қашпаймын, болмайтын бас қосуға арамтер болмаймын, тірі болсам, хан баласында қазақтың хақысы бар еді. Қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» дейді.

Жиылыс жасауға көп елдің заңында рұқсат бар. Алайда мұның іс жүзінде орындалуы әрқалай. Жиылыс жасаудың өзі саяси мәдениеттің қалыптасу деңгейін аңғартады.

Бақытжан Бұқарбай: Бұл кітапты билікте отырғанның біразына жібердім. «Жаңа Қазақстан», «Әділетті Қазақстан» деп айтылып жатқанымен, қазіргі уақытта идея кризисі болып жатқандай көрінеді. Жаңа нәрсені ойлап табудың керегі де жоқ шығар?

Бақытжан Бұқарбай
Бақытжан Бұқарбай. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Кітап туралы

Руслан Ақмағанбет: Кітапты Бақытжан мырзамен былтырғы наурызда қолға алдық. Тамызға дейін дайындап біттік. Мұндағы деректер жинақтардан алынды. Оқырман кітаптағы деректерді осыған дейін оқып-білген болуы мүмкін, бірақ біз ең әуелі Алаш демократиясын — сөз бостандығы, әйел теңдігі, адам құқығы, заң үстемдігі және тағы басқа құндылықтар Алаш арыстарының еңбегінде, саяси-қоғамдық өмірінде болды ма, жоқ па, соны анықтауға тырыстық.

Бақытжан Бұқарбай: Руслан мырзамен бір факультетте оқыдық, бұрыннан таныс-біліспіз. Әр кездескенімізде тарих, саясат тақырыбын талқылаймыз. Оның бұған дейін қазақ қоғамындағы байлар туралы жазған «Құт» дейтін кітабы жарық көрді. Әңгімелесіп, талқылап жүргенде осы идея келді. Қазір демократияның біз қалаған қарқынмен орнықпай отырғанын білеміз.

Қазақстанда 1990-жылдардың басында демократия болды, кейін бұл бәсеңдеп, сөз бостандығы шектеліп, азаматтардың құқығы таптала берді. Сыртқы факторларды да жоққа шығаруға болмайды. Авторитар билігі бар Ресейдің халқына жүргізіп отырған идеологиясының, үгіт-насихатының бәрі Батысқа қарсы. Енді біз әлі күнге дейін Ресейдің ақпарат кеңістігінің жетегінде келе жатырмыз, үгіт-насихатының ықпалы әлі де зор. Демек, көрші елдің тезисі мен месседжі біздің де ақпарат кеңістігіне еніп жатыр. Мысалы, Ресей өзінің халқына Батысты «зұлым» ретінде көрсетсе, оның қандай да бір ұшқыны бізге де жетеді.

Бақытжан Бұқарбай және Руслан Ақмағанбет
Бақытжан Бұқарбай және Руслан Ақмағанбет. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Қазір қоғамда демократияны тек ЛГБТ ұғымына байлап жатқан үрдіс байқалады. Мұның артында Ресейдің ықпалы тұруы мүмкін. Демократияны тек ЛГБТ деп қабылдауға болмайды. Демократияның түбінде қаншама күрес, ғұлама ойшылдардың идеясы тұр. Демократия деген, ең әуелі, адам құқығы, бостандығы, заң үстемдігі және тағы басқа. Ал өркениетті қоғамның осы белгілері қашаннан бері қазаққа керек болмай қалды?

Қазақты қазір алып шығатын жол — демократия. Бұл құндылықтарға мән бермесек, демократиядан алшақтай береміз. Мұның бәрі сол Абайдан, Ыбырайдан, Шоқаннан, одан кейінгі Алаш арыстарынан бастау алады. Бүгін қоғамда кейбір инфлюенсердің Алаш арыстарына күйе жағу талпынысын байқап қалдым. Білімі құлдыраған, саяси сауаты күрт төмендеп кеткен қоғамға Алаш арыстарының идеясынан айырылып қалу өліммен тең болады деп айтуға негіз бар. Өйткені бұл сауатсыздық салдарынан қоғам демократияны дұрыс түсінбейтін, тіпті оған қарсы болатын жағдайға жеттік. Ал қазіргі қазақ қоғамына демократия құндылықтарының маңызын түсіндірудің бірден-бір тиімді тетігі — Алашорда белсенділерінің еңбегі. Одан айырылып қалсақ, онда саяси шалажансар күйдегі қазақтың демократия құруға талпынысы кейінге шегеріле береді.

Иә, бұл кітапта большевиктермен күрес, қуғын-сүргін тақырыбы жоқ. Алаш арыстары публицистикасында либерал демократиялық құндылықтарға қатысты не айтты? Соның жауабы бар. Осы кезде олардың идеясы адамзаттың ұлы ойшылдары Шарль Луи де Монтескье, Жан-Жак Руссо, Вольтер және тағы басқаларының ойымен ұштасатынына, бір жерден шығатынына көз жеткіздік. Демек, Алаш арыстары — өз заманынан оза туғандар. Қазіргі өлшеммен қарасақ та, олар әлдеқайда көш ілгері. Қазір де қазақ қоғамында дәл мұндай қайраткерлер жоқ. Ал олар 100 жыл бұрын өмір сүрген. Бір ғасыр бұрын демократияға жеткен ел саны аз болғанын ескерсек, олар — өз заманының авангардында болғандар. Неге десеңіз, көрші мемлекеттерде мұндай толқын болмады. Ал біз мұны міндетті түрде көрсетуіміз, мақтануымыз керек.

"Алаш демократиясы. Өркениетті қоғам құру жолында" кітабы
«Алаш демократиясы. Өркениетті қоғам құру жолында» кітабы. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Бұған дейін шыққан еңбектің ешбірін жоққа шығармайтынымызды айтқым келеді. Қаншама еңбек жазылды. Жоба жетекшісі әрі жауапты редакторы ретінде бұл кітаптың масс-маркетке, яғни көпшілікке жеткенін қаладым. Кез келген адам кітапты қолға алғанда түсіне алуы керек. Ішіне хаттамаларды, архив материалдарын, сілтемелерді қаз-қалпында берсек, бұл кітапты оқу оңайға соқпаушы еді. Біз мұның бәрінен қашып, көпшілікке арнап бастық. Бұл жобаға кәсіпкер Еркін Тәтішев қолдау жасады, демеуші болды.

Кітапты қазірдің өзінде «Меломан» дүкендер желісінен сатып алуға болады. Ертең, 27 қаңтарда 19:00-де Алматыдағы Гоголь көшесі, 58 мекенжайында кітаптың таныстырылымы өтеді.