Конституцияның 23 бабына да өзгеріс енгізіледі — Назарбаев

Бүгін Ақордада өтіп жатқан билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу жөніндегі жұмыс тобының кезекті отырысында Елбасы Қазақстанның негізгі саяси моделі сақталатынын айтты. Демек, Президенттік республика болып қала береді. Тек реформалардың нәтижесінде биліктің бір тармағы өкілеттігін толық иеленіп, дербес жұмыс істейді. Яғни өкілетті биліктің Үкімет пен атқарушы органдарға бақылауы күшейеді.

«Ел болашағы үшін айрықша маңызды осы құжаттың тағдырын біз шешуіміз керек. Әрі қарай не істеуіміз керек екендігіне бүгін қорытынды жасап, қашан Парламентке талқылауға түсетіндігін келісуіміз керек. Конституцияның 23 бабына өзгеріс енгізілетін болды, заңдарға 35 өзгеріс енгізіледі. Бұл жерде айта кететін негізгі мәселе осының барлығы Президенттегі өкілеттіктерді басқа тармақтарға беру болып отыр. Өздеріңіз де білесіздер, басқа елдерде, керісінше, президенттің өкілеттігін жоғарылату үшін референдумдар өткізіп, конституциялық өзгерістер енгізіп жатыр. Бізде, керісінше. Себебі 25 жылдың ішінде президенттік басқару жүйесі өзінің алдына қойған халық алдындағы мақсатын орындады», — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

 

ДереккөзInform.kz