Алматыда 178 миллион теңгеге салынған дәретханалар жабық тұр

2021 жылы Алматы қалалық туризм басқармасы 20 санитария-гигиена қондырғысын (қоғамдық дәретхана) орнатты, бірақ олардың көбі әлі жұмыс істемей тұр. Бұл дәретханаларды салуға 178,5 миллион теңге бөлінген. Әрқайсына 9 миллион теңге кетті. 

Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов/Baribar.kz. Дереккөз: Domestos.com

Мына қоғамдық дәретханаларды орналастыру реті аудан әкімдіктері мен Алматы әкімдігінің басқа да құрылымдық бөлімшелері келісімімен жасалған. Келісімшарт бойынша, дәретханаларды орнату 2021 жылғы 31 желтоқсанда аяқталды. Дегенмен қаланы аралап, оның көбі әлі жұмыс істемей тұрғанын білдік.

әжетхана
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Алматы әкімдігіне «Дәретханалар не себепті жұмыс істемей тұр?» деп сауал жолдадық. Әкімдік дәретханаларда кіріктірілген монета қабылдағыш істен шықты немесе аяздан жұмыс істемей қалған болуы мүмкін деген уәж айтты.

Бүгінде Алматының Туризм басқармасы 20 санитар-гигиена торабын (дәретханалар — ред.) дайындап, орнату жұмыстарын  аяқтады. Алматы қаласы мемлекеттік активтер басқармасы байқауы қорытындысы бойынша, 20 санитария-гигиена торабы (СГТ) «ЭкоМед Сервис» ЖШС компаниясына сенімгерлік басқаруға берілді. Бұл — қоғамдық дәретханаларға қызмет көрсететін компания. Барлық 20 СГТ қалыпты режимде жұмыс істейді. Дегенмен ақылы кіру жүйесі істен шыққандықтан (кіріктірілген монета қабылдағыш) және аяздан олардың жұмысы үзіліп жатыр, — делінген ресми жауапта.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

«Мұндай дәретханалар тәулік бойы ашық тұруы керек»

Urban Forum Kazakhstan қоғамдық қоры эксперті әрі PR–маманы Диас Маратұлы жақында ғана қолданысқа берілген дәретханалардың суыққа төтеп бере алмай жатқанын сынға алды.

Диас Маратұлы. Фото жеке архивінен

«Қазір аяз болып тұр делік, бұдан басқа да түрлі табиғи жағдай болуы мүмкін. Ол кезде қайтеді? Мұндай жағдайда дәретхананы жауып тастау — мүлдем қате шешім. Күн суыды екен деп дәретхана қажет емес болып қалмайды ғой. Сондықтан дәретханалар осындай жағдайларды ескере отырып салынуы керек.

Өткенде 20 дәретхананың бірнешеуі қолданысқа берілген еді. Оның өзінде тек 10.00 — 22.00 аралығында жұмыс істеген. Таңертең ерте тұрып жүгіретіндер, түнде қалада қыдырғысы келетіндер бар. Қоғамдық дәретхана дәл осы адамдар үшін емес пе? Сондықтан мұндай дәретханалар тәулік бойы ашық тұруы керек», — дейді эксперт.

Бюджет есебінен салынған 20 дәретхана жеке компания басқаруына өткендіктен енді ақылы жұмыс істейді. Дәретханалар алдында монета қабылдағыш пен карталай төлемге арналған (тек кейбірінде) құрылғы қойылған. Оған қоса аппарат тек 50 теңгелік монетаны қабылдайды. Онлайн төлем жасау мүмкіндігі әзірше жоқ. 

Қазір қағаз ақша немесе тиын ұстап жүретін адам көп емес. Сондықтан дәретхананы салып беру қаншалық маңызды болса, оны барынша қолайлы ету де соншалық маңызды екенін ескеру керек. Төлем жасаудың да ең оңтайлы жолын таңдаған жөн, — дейді Диас Маратұлы. 

Қалада дәретхана орнатылмаса, салдары қандай болады?

Дәретхананың нашар болғаны немесе тіпті болмағаны, әдетте «табысы төмен, дамудан қалған ел» деген түсінікпен қатар жүреді. БҰҰ дерегі бойынша, әлемде 4,5 миллиард адам қауіпсіз дәретханаға әлі қол жеткізе алмай жүр. Сөйтіп диарея мен антисанитариядан туындайтын өлім саны да арта береді.

Диас Маратұлы дәретхананың болмағаны қаланы лас етіп, адамдардың өмір сапасы төмендеуіне де әсер етеді дейді.

Қалада офистен тыс жұмыс істейтіндер, курьерлер мен туристер көп. Олар күні бойы көшеде жүріп, бір рет болса да дәретханаға барғысы келері анық. Сондай кезде дәрет сындырар орын таппай қалу, ең әуелі, осы адамдарға қолайсыз, өмір сапасын төмендетеді. Мәдениеті төмендеу адам бір бұрыш тауып алуы мүмкін. Сөйтіп қала ластана береді, — дейді маман.

Өкінішке қарай, қоғамдық орындар мен саябақтарда керек кезде дәретхана тауып ала қою қиын. Ал зәрді тым ұзақ ұстау зәр шығару жолдары мен қуықтың қабынуына әкелуі мүмкін.

Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов/Baribar.kz Дереккөз: Domestos.com

Өзге елдерде қалай?

Ең ерекше дәретханаларды Голландия көшелерінен көре аласыз. Мұнда ер адамдар көше бойында арасы ажыратылған, бірақ есігі жоқ ашық дәретханаларды қолданады. Ал әйелдер 40-70 еуроцент төлеп, ақылы дәретханаға барады.

Ал Швециядағы дәретханалар гендер-бейтарап етіп салынған. Бір дәретханаға әйел де, еркек те кіре алады. Бұрын бұл елде әйелдер дәретханасы алдындағы кезек тым ұзақ еді. Гендер теңдігі проблемасын негізге ала отырып, ел басшылығы осындай шешімге келген. Оның үстіне бұл шешім елдегі декрет демалысындағы ерлердің өмірін де жеңілдетті. Өйткені бұрын олардың дәретханасында нәресте жөргегін ауыстыратын үстел болмады. Дәретханаға кіру ақысы — 5 крон.

Дәретханасы бәріне жететін елдер көшін Жапония бастап тұр. Бұл елдің шалғай өңірінде жүріп те тегін қоғамдық дәретхана табуға болады. Елде жылыту жүйесі мен музыка қосылып тұратын қоғамдық дәретханалар да бар. Жапония үкіметі 1985 жылдан бері жыл сайын елдегі ең үздік дәретхананы анықтау үшін байқау өткізеді. Таза екені, ерекше дизайнмен жасалғаны, ғимараттың сыртқы көрінісі және жағымсыз иіс болмағаны сияқты бірнеше талап бойынша жылда үздік дәретхана анықталады.

Ал Испания үкіметі адамдардың табиғи қажеттігі үшін ақша төлеуі дұрыс емес деп санайды. Адам көше бойынан қоғамдық дәретхана таппаса, жақын маңдағы кафе-бар дәретханасына тегін кіре алады. Елде 2015 жылы жазғы алаңы бар мейрамхана дәретхансына кіргісі келген кез келген адамға рұқсат беруді міндеттейтін заң қабылданды.

Алматы дәретханалары

Ал Алматы тұрғындары қажеттік бола қалса, тек үлкен сауда және бизнес орталықтарындағы, кафе-мейрамханалардағы дәретханаға жүгіруі керек. Ірі сауда кешендерінде бұл қызмет тегін, ал тамақтану орындарының көбі дәретханаға кіргізгені үшін 50-100 теңге сұрайды.

қоғамдық әжетхана
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Ал әкімдік “құрылысы аяқталды” деген 20 қоғамдық дәретхана жабық тұр. Картада ашық деп көрсетілгенімен, барып, есігінде ілулі тұрған “Жабық” деген қағазды көріп қайттық. Ондай қағазы жоқ дәретханаға барып едік, монета қабылдағыш салған тиынды қайтарып шығарып тастады. Тиын салмай есік ашылмайды. Осылай, әрқайсына, шамамен 9 миллион теңге жұмсалған дәретханаға кіріп көру әзірше мүмкін болмай тұр.