Тоқаевтың бағдарламасы: студенттердің стипендиясы 2 есе көбейеді

РҚШ мүшелері Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің студенттерімен және профессор-оқытушылар құрамымен әңгіме барысында кандидаттың білім беру құндылықтарын ілгерілету, білім және ғылым саласын, жастар саясатын дамыту жөніндегі ұсынып отырған бастамаларын талқылады.

Республикалық қоғамдық штаб делегациясының басшысы Асхат Оралов Қасым-Жомарт Тоқаевтың басты басымдықтарының бірі сапалы білімге қолжетімділікті арттыру және ғылыми әлеуетті іске асыру екенін айтты.

«Жастар – қоғамдағы өзгерістердің басты қозғаушы күші. Талантты, білімді, отансүйгіш жастар әділетті Қазақстанды құруға үлесін қосып жатыр. Еліміздегі жас буынның қабілет-қарымын толыққанды жүзеге асыруы үшін тең әлеуметтік-экономикалық мүмкіндік жасалады. Қазақстан ғылымы аз уақытта елімізді дамудың жаңа сатысына шығаруға қабілетті құралға айналмақ. Қазақстанда ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерциялауға, атап айтқанда, гранттар бөлу арқылы жағдай жасалады. Жетекші жоғары оқу орыны мен ірі кәсіпорындардың жанынан инжиниринг орталықтары құрылады», — деді Асхат Оралов.

Фото: Қасым-Жомарт Тоқаевтың республикалық қоғамдық штабы

Студенттердің стипендиясы да 2 есе көбейеді. Барлық студент әлемдік цифрлық кітапханаларға тегін қол жеткізеді. Жатақханалардағы орын тапшылығы мәселесі  де шешіледі.

Бұдан соң аймақтағы ауыл шаруашылығы кәсіпорындары мен фермерлік шаруашылықтардың өкілдерімен кездесу өтті. РҚШ мүшелері аграрлық секторды дамыту жөніндегі іс-шаралар туралы айтып берді. Мәселен, ауыл шаруашылығы кооперациясын дамытуға 1 триллион теңге жұмсалып, ауыл шаруашылығы техникасын лизингке алу және шағын несие алу үшін жеңілдіктер беріледі.

Фото: Қасым-Жомарт Тоқаевтың республикалық қоғамдық штабы

Осы күні РҚШ мүшелері туристік кластер өкілдерімен шағын және орта  бизнесті дамытуға қатысты шараларды талқылады. Медициналық туризмді насихаттау жоспарларына ерекше назар аударылды.

Фото: Қасым-Жомарт Тоқаевтың республикалық қоғамдық штабы

Бағдарламада көрсетілген еңбек адамының құқықтарын қорғау KazRost Engineering LTD зауытының, Степногорск жылу электр орталығы, Макинск құс фабрикасының және тағы басқа еңбек ұжымдарымен кездесулер барысында талқыланды.

Фото: Қасым-Жомарт Тоқаевтың республикалық қоғамдық штабы

Жалпы Щучинск, Қосшы, Степногорск, Ақкөлде және Целиноград, Шортанды, Бұланды, Ақкөл сияқты Ақмола облысының өзге де аудандарында сайлаушылармен 30-дан астам кездесу өтті.

Сайлау науқаны басталғаннан бері еліміздің барлық өңірінде 10 мыңнан астам үгіт-насихат іс-шарасы өтті.

Дайындаған: Республикалық қоғамдық штаб
Астана қаласы, Қонаев 12/1
Тапсырыс беруші: М.Ж.Оспанов
Қазақстан Республикасы президенттігіне үміткер Қ.К.Тоқаевтың сайлау қорынан төленді.