Елжан Амантайұлы Біртанов ҚР қылмыстық кодексі 361-бабының 3-бөлімінде санитариялық авиацияның әуе кемесін пайдалану эпизоды бойынша қылмыстық құқық бұзушылық үшін кінәсіз деп танылсын және оның әрекеттерінде осы қылмыстық құқық бұзушылық құрамы болмағандықтан, ақталсын. ҚР қылмыстық кодексінің 361-бабы 3-бөлімі 4-тармағында көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін Елжан Біртанов пен Олжас Әбішев кінәлі деп танылсын және осы бап бойынша Біртановқа 5 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу түріндегі жаза, Әбішевке 4 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалсын, — деп үкім оқыды судья Ибрагим Әлкенов.
Бұл ретте сотталушыларға пробациялық бақылау белгіленді. Оларға мемлекеттік қызметте, сотта, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, ҚР ұлттық банкінде және оның ведомстволарында, қаржы нарығын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган мен қаржы ұйымдарында, мемлекеттік ұйымдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінде лауазымдарды атқаруға өмір бойына тыйым салынды.
ҚР қылмыстық кодексінің 44-бабының 2-бөлігі бойынша сотталғандардың жүріс-тұрысын бақылайтын уәкілетті мемлекеттік органға хабарламай, тұрақты тұрғылықты жерін, жұмысын өзгертуге болмайды. Жұмыстан бос уақытында уәкілетті органға хабарламай, тұрғылықты жерінен кетуге, басқа жерлерге баруға тыйым салынған. ҚР ҚК 44-бабының 1-бөлігіне сәйкес, О. Әбішев негізгі жазаны өтеу кезінде жыл сайын 100 сағат мәжбүрлі еңбекке тартылады.
Еске сала кетейік, бұрынғы енсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов 2020 жылдың 3 қарашасында бюджет қаражатын ысырап етті деген күдікпен қамауға алынған болатын.
Тергеу материалы бойынша, Елжан Біртанов пен оның орынбасары Олжас Әбішевке Ericsson Nicola Tesla компаниясының қызметін қолдану кезінде «лауазымдық өкілетін теріс пайдалану» арқылы мемлекетке 1,5 миллиард теңге шығын келтірді деген айып тағылған.