Ақсуатта ат спорты дамиды

Аталмыш жобаны қолға алған ауыл азаматы, «Кубаев» шаруа қожалығы жетекшісі Сержан Таңқашұлы ұлттық спортты дамытуды, соның ішінде көкпар ойынының аудандағы әлеуетін жоғарлатуды көздейді. Бүгінгі таңда атқа арналған орынның құрылысы біткен. Енді кешен аумағын қоршап, көкпаршыларды дайындайтын жаттықтырушыға және ат спортымен айналысатын балаларға, сонымен бірге мүмкіндігі шектеулі балғындардың арнайы жаттығуына лайықталған орындарды жабдықтау жоспарларында бар. Әзірге кешенде көкпарға арналған сегіз ат бар. Болашақта Теректі ауданы көкпаршыларының бас қосатын орны осы Ақсуатта болмақ. Кешеннің ашылуы қазан айына жоспарланған. Ашылу салтанатына орай Ақсуатта көкпардан облыстық дода ұйымдастырылмақшы.

Ақсуат  – облыс орталығына жақын орналасқан округтердің бірі. Биыл округ бойынша бірқатар ауқымды жұмыстар жүзеге асуда. Ауылдық округ аумағында ашық жатқан трансформаторларды округ әкімдігі өз күшімен қоршауда. Ауылда дәл осындай сегіз трансформатор бар. Күні бүгін екеуі қоршалған.

Әр ауыл бойынша тек бір трансформаторды қоршауға мүмкіндік бар дейді БҚО электор желілер таратушы компания өкілдері. Ал адам денсаулығы мен қауіпсіздігі басты орында. Сол себепті қалған алты трансформаторды да түгелдей қоршауға жұмыстанамыз,  — деді өз сөзінде округ әкімі Жаннұр Ахметов.

Күні кеше Ақсуатта балаларға арналған қос алаңқай ашылса, жергілікті тұрғындардың қолдауымен құрылысы аяқтала келген мешіттің де ашылуы алдағы күндердің еншісінде. Сонымен бірге, Әйтиев және Магистральный ауылына кіреберіс жолдары да күрделі жөндеуден өтпекші. Ақсуаттың өзінен су мен электр желісі кеп тұрған 310 жер телімі берілу жоспарда бар. Пойма мен Магистральный ауылына таза ауыз су тарту жұмыстары қарқын алған. Аталмыш жұмыстарды жүргізіп жатқан мердігерлер — «Дәнекер» ЖШС және «КазЕвроСтрой» ЖШС. Аудан әкімі мердігерлерге сапа мәселесіне баса мән беруді шегелеп тапсырды.