Шымкенттік түлек қабылдау комиссиясының кесірінен гранттан қағыла жаздады

Ғылым және жоғары білім министрлігі техникалық қатеге байланысты грантынан айырылған түлектің мәселесін шешкенін хабарлады.

Шымкенттік мектеп түлегі Жасмин Тастан Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетіне мемлекеттік білім грантын тағайындау конкурсына қатысуға құжаттарын тапсырған. Қабылдау комиссиясының маманы ҰБТ сертификатының деректерін енгізу кезінде техникалық қате жіберген, — делінген хабарламада.

Грант иегерлерінің тізімі жарияланғаннан кейін ата-аналар оқу орнының басшылығы мен оқу бөліміне жүгінген.

Бүгін ғылым және жоғары білім министрлігі өкілдері бұл өтінішті қарап, шешім қабылдады. Министрдің кеңесшісі түлектің ата-анасымен тілдесіп, қателік үшін министр мен министрліктің атынан кешірім сұрады. Техникалық қате бірден түзетіліп, талапкер Жасмин Қуанышқызы Сулейман Демирел атындағы университетінің грантына ие болды. Сонымен қатар жатақханамен қамтамасыз етіледі, — деді министрліктегілер.

Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің құжат қабылдауда қате жіберген қабылдау комиссиясының маманына сөгіс жарияланғаны айтылады.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ЖОО-ның аппарат басшылары мен ректорларына талапкерлердің құжаттарын қабылдау кезінде абай болу керек екенін еске салды.

Telegram арнамызға жазылыңыз

Күннің маңызды және өзекті жаңалықтарын телеграм каналынан оқыңыз