Қазақстандық әуе компаниялары ҚХР мен Өзбекстанға рейстер санын арттырады

Ақпаратқа сәйкес, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің «Ашық сағат алаңындағы» кезекті жиын әуе тасымалындағы өзекті сауалдарға арналды.

Бейнебайланыс режиміндегі жиында Air Astana, SCAT әуе компаниясы және Qazaq Air сынды отандық авиакомпаниялардың өкілдері пандемияға байланысты тоқырауға ұшыраған халықаралық тұрақты әуе желілерін қайта қалпына келтіру және ұшу географиясы аумағын кеңейту барысындағы іс-шараларды атап өтті.

Бүгінде халықаралық әуе тасымалы 28 мемлекетке 115 бағыт бойынша аптасына 518 жиілікте орындалады. Әуе қатынасы орнықты жолға қойылған елдер қатарына Әзербайжан, Армения, Беларусь, Ұлыбритания, Германия, Греция, Египет, Үндістан, Иран, Италия, Катар, Қытай, Кувейт, Қырғызстан, Мальдив аралдары, Моңғолия, Нидерланды, БАӘ, Польша, РФ, Сауд Аравиясы, Тәжікстан, Таиланд, Түркия, Өзбекстан, Чехия және Оңтүстік Корея кіреді,- делінген хабарламада.

Қазақстандық авиа тасымалдаушылар 2022 жылдың алғашқы жартыжылдығында халықаралық әуе желілері арқылы 1,2 миллион жолаушы тасымалдаған. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 60% жоғары (0,7 миллион).

ҚР ИИДМ азаматтық авиация комитеті отандық әуе тасымалдаушы компанияларға ұшу географиясы аумаған кеңейтуді талап етуде. Қазіргі күнде бұл тарапта бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр. Атап айтқанда, Пәкістанмен әуе қатынасын орнату бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар сұраныстың артуына байланысты Қазақстан, Өзбекстан және Қытайдың бірқатар қаласына жаңа бағыттар ашу көзделіп отыр. Десе де жолаушылар сұранысын тиісті деңгейде қанағаттандыру мүмкін болмай отыр,- делінген хабарламада.

Мәселен, карантиндік шектеулерге байланысты бүгінде Қытайға аптасына 3 рейс қана жасалады. Ал пандемияға дейін 40-тан астам әуе тасымалы жүзеге асырылатын. Өз кезегінде сұраныстың артуы билет бағасына да өз әсерін тигізуде.

Біз Қытайдың азаматтық авиация билігіне рейс санын арттыру бойынша бірнеше рет сұраныс хат жолдадық. Сонымен қатар жаңа әуе бағыттары мен рейстер санын көбейту бойынша өзбекстандық әріптестерімізге де ұсыныс білдірдік. Жуық арада Қытай, Өзбекстан және Пәкістанның авиация билігіне аталған мәселелерді жедел шешуге ықпал етуді қайта сұрайтын боламыз, – деді азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары Салтанат Томпиева.