Алматыда шағын және орта бизнеске берілетін кредит проценті төмендеді

Бұл туралы әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.

Бағдарламаның жаңа атауы – Jana Business (бұрынғы Almaty Business).

Жаңартылған бағдарламаның шарттарына сәйкес жеңілдетілген несиелер бойынша ең жоғары мөлшерлеме 7% — тен 6% — ке дейін төмендетілді. Несиенің максималды сомасы 100 миллион теңгені құрайды, несиелеу мерзімі — 7 жылға дейін.

Jana Business бағдарламасының тағы бір жаңалығы – өнеркәсіптік парктер субъектілеріне жылдық мөлшерлемесі 6%-пен 500 миллион теңгеге дейінгі сомада 7 жылға дейінгі мерзімге несие алу мүмкіндігі қарастырылды.

Сауда операцияларының тиімділігін арттыру мақсатында Jana Business бағдарламасында факторингтік мәмілелерді жылдық 8,5% мөлшерлеме бойынша қаржыландыру мүмкіндігі көзделеді. Факторинг механизмі сатып алушыға төлемді кейінге қалдыра отырып, тауарды немесе қызметті сатып алуға мүмкіндік береді.

ШОБ субъектілеріне жеңілдікпен несие беру екінші деңгейдегі банктер, микроқаржы ұйымдары және лизингтік компаниялар арқылы жүзеге асырылады.