Go Viral фестивалінің Қазақстандағы амбассадоры Дастан Аққожаның айтуынша, ұйымдастырушылар кешегі жаңбырдың кесірінен қатысушылар келгенше университет аумағын қалпына келтіруге тырысқан.
Демалыс күні фестивальге келгендердің ұйқысын ашу үшін Nurboogie диджей сет ұйымдастырды. Түскі үзілісте де 30 градус ыстыққа қарамай, қатысушыларға көңіл-күй сыйлаған Нұрбек Мақсотов «Алматының ыстығы мені жандырса, мен қала тұрғындарын жандырып тұрмын» деп әзілдеді.
Музыканы келушілердің көңіл-күйіне, ауа райына қарап таңдап тұрмын. Нақты бір жанрмен шектелмеймін. Go Viral қатысушыларынан жақсы энергия сезіп тұрмын. Сол үшін жеңіл, көңілді, жағымды әуен қосамын, — дейді Нұрбек.
Оның диджей боп жұмыс істегеніне 5 жыл болыпты, бірақ Go Viral жобасына алғаш рет қатысып тұр. Бұған дейін жүзге жуық жобаны әуенмен әрлеген. Оның қатарында Алматыда өтетін фестиваль, компаниялардың шаралары да бар.
Бүгін Алматыда күн өте ыстық. Шолақ шалбар (шорты) мен жейде кисем де, терлеп кеттім. Фестиваль қатысушыларының ыстық ықыласы одан сайын өртеп барады, — дейді Нұрбек музыканың дауысын одан сайын жоғарылатып.
Сонымен бірге фестиваль аясында университет ғимаратындағы «Алматы», «Душанбе», «Ташкент» және «Бішкек» залдарында қазақ, орыс және ағылшын тілінде түрлі спикер уоркшоп өткізіп жатыр. Бүгін әр залда бес cессиядан өтеді.
«Душанбе» залында өткен Вячеслав Абрамовтың зерттеу журналистикасы бойынша сессиясында 40-қа жуық қатысушы болды. Олардың қатарында Түркістаннан келген Мұрат Бекбаев та бар. Ол Go Viral фестиваліне 5-рет қатысып отыр. Кейінгі екі фестивальге пандемияға байланысты онлайн қосылған.
Түркістаннан арнайы осы фестиваль үшін екі ұлымды ертіп келдім. Екеуі де студент. Бірі халықаралық қатынастар мамандығында, екіншісі ІТ-қауіпсіздік мамандығында оқиды. Өзім «Түркістан» телеарнасында жұмыс істеймін. Фестивальде үшеуімізге де өзекті тақырып бар. Медиа саласында жұмыс істегендіктен жаңа трендтер мен машықтарды меңгеру, оны қызметте қолдана білу маңызды, — дейді 52 жастағы Мұрат Бекбаев.
Зерттеу журналистикасы бойынша сессияда Вячеслав Абрамов ашық деректерді табу жолдары, мемлекеттік бюджетті бақылау туралы ақпарат беріп, қоғамда қызу талқыланған қымбат велосипедпен жүретін әкім, Назарбаевтардың жер кадастрындағы сарайына шолу жасады.
Бүгінгі фестиваль бағдарламасында төрт түрлі зал, әртүрлі тақырып қарастырылыпты. Солардың ішінен зерттеу журналистикасын таңдап, «Душанбе» залына кірдім. Спикер көп пайдалы ақпарат айтты, бірақ Алматы, Нұр-Сұлтан сияқты ірі қалалардағы медиада болмаса, біздің аймақта зерттеу журналистикасымен айналысу, мұндай жанрдағы материал жариялау жағы қиындау, — дейді Мұрат Бекбаев.
Фестивальдің алғашқы күні Алматыда жауған нөсер алыстан келген қатысушылардың көңіл-күйіне әсер етпепті.
Арнайы келген соң ауа райының қолайсыздығына назар аудармадық. Алматыда такси қызметі бізге қарағанда жақсы дамыған екен. Су болмастан, аяғымызды жерге тигізбей, айтқан жерге жеткізіп тастайды, — дейді фестивальге қатысушы Мұрат Бекбаев.
Бүгін фестивальде GameDev, корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік, заманауи қазақ поэзиясы және киберқауіпсіздік тақырыбы да қозғалды. Сондықтан фестивальде түрлі саланың өкілдерін кездестіруге болады. Соның бірі – алматылық Өркен Тоқмағамбетов. Ол сценарий жазумен, режиссерлықпен айналысады. Go Viral фестиваліне мүдделес адамдармен танысуға келіпті. Өркен фестиваль туралы ақпаратты Instagram-нан көріп қалып, тіркелгенін айтады.
Go Viral фестивалі туралы Қазақстандағы АҚШ елшілігінің Instagram-парақшасынан көрдім. Тіркеліп, қатысушы болудың сәті түсті. Бүгін Андрей Мануйлов, Алан Талькенов және Кәрім Қадырбаев «48 сағатта қалай фильм түсіруге болады?» тақырыбында шеберлік сағатын өткізеді. Соған қатысуға келдім, — дейді Өркен Тоқмағамбетов.
Өркен музыкалық консерваторияда оқыған. Қазір шетелге оқуға дайындалып жүр. Go Viral фестивалінде ақылдасып, кеңес сұрайтын адам тапқысы келеді екен.
Панельдік талқылаумен қоса, фестивальге келушілер арнайы алаңда (газон) ән тыңдап, тамақтанып, әңгіме-дүкен құрып, quiz-ге қатысып, арнайы сыйлық жеңіп алды.
TezTap үстел ойынының авторы Дана Қамзабек Go Viral фестиваліне спикер болу үшін арнайы Нұр-Сұлтаннан келіпті.
Go Viral-дан шақырту алғаныма қуаныштымын. Біздің ойынды адамдар жақсы қабылдап жатыр. Бүгін фестивальге қатысушылар арасында quiz жасап, жеңімпаз топқа жейде мен шұлық бердік. Негізі Нұр-сұлтан және Петропавлда quiz-кешін ұйымдастырып тұрамыз. Ертең Алматыда алғаш рет қазақша quiz ұйымдастырамыз. Алматылықтарды қатысуға шақырамын, — дейді Дана Қамзабек.
Фестивальде ІТ-қауіпсіздік, робот техникасы туралы да айтылды. Биыл 8-класс бітірген Қарақат Жантайлақ Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданынан келіп, робот техникасынан шеберлік сабаққа қатысып жүр екен.
Қазір мини робот жасап отырмын. Мектепте робототехникамен айналысуға мүмкіндік жоқ. Сондықтан осы саладағы шараны аңдып жүремін. EXPO-2017 көрмесі болғанда Нұр-Сұлтанға бардым, — дейді Қарақат Жантайлақ.
Фестивальдің бас сахнасында стартаперлер бизнес-періштелерге жобасын таныстырып, қолдау алу мүмкіндігіне ие болды.
Ертең, 26 маусым күні Go Viral фестивалінің соңғы күні. Фестивальдің жабылу салтанатында Ninety One, Jordan, Majors топтары өнер көрсетеді.
Биыл фестивальге «Шеврон» компаниясы, MOST бизнес-инкубаторы, Батырхан Шүкенов атындағы қор, WeProject интернет басылымы, Baribar.kz порталы, Econetwork, «48 сағатта түсіру» қысқаметражды фильмдердің байқауы, Obscura компаниясы және American Space & MakerSpace Almaty қолдау көрсетті.
Тағы оқыңыз: Go Viral. 1-күн: жаңбыр, кэнселинг және Орталық Азия жастары
Жаңа білім мен нетуоркинг. Go Viral 2022 фестиваліне не үшін бару керек?