Бұл туралы Қарағанды облысының полиция департаменті мәлімдеді.
ҚР қылмыстық кодексінің 277-бабында көзделген қылмыс жасады деген күдік бойынша жиналған материалдарды ескере отырып, жұмыс қауіпсіздігіне жауапты екі басшы ұсталды. 19 маусымда Теміртау тергеу соты аталған адамдарға қатысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады, — деп хабарлады Қарағанды облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Ведомстводан мәлімдегендей, тергеу үшін арнайы комиссия құрылды, олар өндірістегі кісі өліміне байланысты іспен айналысады.
Қылмыстық істі тергеу барысында кәсіпорын қызметкерлері, оның ішінде өндірістегі қауіпсіздік техникасы үшін жауапты адамдардан жауап алынды, — делінген хабарламада.
Еске салайық, 10 маусымда «АрселорМиттал Теміртау» цехында төрт жұмысшы қаза тапқан болатын. Бір адам жарақат алып, ауруханаға жеткізілген еді.