ҰБТ аралық нәтижесі: 215 талапкер тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды

Ұлттық тестілеу орталығының мәліметіне сәйкес, бүгінге дейін түлектердің 75% – қазақ тілінде, 24,8% — орыс тілінде, 0,1% ағылшын тілінде емтиханнан өтті. Шекті балды 67% жуық талапкер ғана жинай алған. Орташа балл – 66 балды құрады.

Ақпаратқа сәйкес, бүгінге дейін смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып өтпек болған 215 талапкер тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды. Тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан 199 адам шығарылып, олардың да нәтижелері жойылды.

Тестілеудің бесінші аптасы аяқталды, барлығы штатты режимде өтіп жатыр. Жалпы негізгі Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға 290 мыңға жуық өтініш келіп түсті, олардың ішінде 160 мың өтініш бірінші мүмкіндікке, 130 мың өтініш екінші мүмкіндікке берілген. Қазіргі таңда 170 мың рет тест тапсырылды, яғни талапкерлер екінші мүмкіндігін пайдалана бастады. Өткен аптамен салыстырғанда орташа балл 1 балға жоғарылады, – деді Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев.

Еске салайық, негізгі Ұлттық бірыңғай тестілеу 5 шілдеде аяқталады.