Бұл туралы экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті ерекше қорғалатын табиғи аумақтар басқармасының жетекшісі Ерқұлан Дүйсекеев мәлімдеді.
Біздің министрлік индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен және Алматы облысының әкімдігімен бірлесіп аталған облыс аумағындағы ұлттық парктерде инженерлік инфрақұрылымды дамытуға арналған жол картасын әзірлеп, бекітті. Бүгінде жол картасы аясында ұлттық парктер аумағында 685 шақырымды құрайтын туристік маршрут жасалды. 12 шақырым жолға жөндеу жүрді, — деді Ерқұлан Дүйсекеев елордада өткен «Ұлттық парктер: экологиялық туризмнің жаңа моделі» атты дөңгелек үстел отырысы барысында.
Оның айтуынша, ұлттық парктерде туризмді дамыту бағытындағы жұмыс жалғасын табады.
Қазіргі уақытта «Алтынемел» ұлттық паркінің тексеру бекетінде келушілер үшін интернет тартылды. Сонымен қатар барлық ұлттық парктерге билетті онлайн сатып алу мүмкіндігі пайда болды. Билетті kaspi.kz қосымшасы арқылы алуға болады. Одан бөлек, қатты тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинауды енгізу бойынша жұмыс қолға алынды, — деді Ерқұлан Дүйсекеев.