Бүгін қалалық мәслихаттың кезекті отырысында 2021 жылғы қалалық бюджеттің игерілу мәселесі көтерілді.
2021 жылы қалалық бюджетке 720 миллиард 378 миллион теңге қаржы түсті. Осылайша жоспар 43 миллиард 156 миллион теңгеге артығымен орындалды. Оның ішінде жеке табыс 496 миллиард 264 миллион теңгені құрайды. Сонымен қатар 2021 жылы салықтан 455 миллиард 273 миллион теңге қаржы түсті. Бюджет шығысына келсек 2021 жылдың қорытындысы бойынша 699 миллиард 900 миллион теңгені құрады, — деді Нұр-Сұлтан қаржы басқармасының басшысы Әліби Жұмаев мәслихат отырысында жасаған баяндамасында.
Ақпаратқа сәйкес, былтыр елорда бюджетін игеру көрсеткіші 97,2% құрайды.
Бюджет қаржысын уақытылы игермеген органдарға келсек, былтыр құрылыс басқармасы қаржының 53,8% игермеген, отын-энергетика кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасы — 38,4%, білім басқармасы — 1,5%, полициия департаменті — 1,4%, сол сияқты дене шынықтыру және спорт басқармасы — 1,2% қаржыны меңгермей отыр. 2021 жылдың қорытындысы бойынша бюджет қаражаты уақытылы игерілмегені үшін 15 лауазымды тұлға жауапқа тартылды, — деді Әліби Жұмаев.