Қайрат Сатыбалдыұлы мен Қайрат Боранбаевты қамау мерзімі тағы 1 айға ұзарды

2022 жылғы 8 маусымда Нұр-Сұлтанның мамандандырылған ауданаралық тергеу соты күдікті Қайрат Сатыбалдыұлына қатысты белгіленген күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасының мерзімін 1 айға ұзартты, — делінген Нұр-Сұлтанның мамандандырылған ауданаралық тергеу соты таратқан ақпаратта.

Сонымен қатар ведомство дәл сол күні күдікті Қайрат Боранбаевқа қатысты да белгіленген қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасының мерзімі 1 айға созылғанын атап өтті.

Ал 7 маусымда Нұр-Сұлтанның мамандандырылған ауданаралық тергеу соты күдікті Гүлмира Сатыбалдыға қатысты белгіленген қамау мерзімін 1 айға ұзартқан.

Еске салайық, 13 наурызда сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет «Қазақтелеком» АҚ-тың лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану және қаражатын аса ірі мөлшерде ұрлау дерегі бойынша қылмыстық істі тергеп жатқанын хабарлаған болатын. Бұл қылмыстарды жасады деген күдікпен Қайрат Сатыбалдыұлы ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Сонымен қатар қазақстандық кәсіпкер Қайрат Боранбаев қамауға алынғаны хабарланған болатын. 17 наурызда Нұр-Сұлтанның мамандандырылған ауданаралық тергеу соты күдікті Боранбаевқа қатысты екі ай мерзімге қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады.