Бизнесмен Қайрат Боранбаев 2 айға қамалды

Қаржы мониторингі агенттігі квазимемлекеттік секторда аса ірі мөлшерде қаражат ұрлау фактісі бойынша қылмыстық істі тергеп жатыр.

Осы қылмысты жасады деген күдікпен Қайрат Боранбаев ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. 17 наурызда сот 2 ай мерзімге күзетпен ұстау туралы шешім шығарды. Тергеу жалғасып жатыр, — делінген хабарламада.

Агенттіктің хабарына қарағанда, сотқа дейінгі тергеп-тексерудің басқа да деректері жария етілмейді.

Еске салайық, 15 наурызда бірнеше сайт қаржы мониторинг агенттігі Боранбаевты ұстағаны жайлы ақпарат таратты, бірақ бүгінге ведомство мұны растамай не теріске шығармай келді.

Қайрат Боранбаев — елдің экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Дариға Назарбаеваның бұрынғы құдасы. Боранбаевтың қызы Алима Боранбаева Дариғаның ұлы Айсұлтан Назарбаевқа (2020 жылы қайтыс болған) тұрмысқа шыққан. Кейін Айсұлтан мен Алима ажырасып кеткен.

Азаттықтың хабарлауынша, Қайрат Боранбаев Forbes Kazakhstan рейтингі бойынша  Қазақстандағы ең бай елу бизнесменнің қатарына кіреді. Байлығы – 519 миллион доллар. Ол 2000-2002 жылдары «ҚазТрансГаз» компаниясының атқарушы директоры және «Intergas Central Asia» коммерциялық директоры, 2006-2014 жылдары «ҚазРосГаз» компаниясының бас директоры болды.

Боранбаев – Алматының «Қайрат» футбол командасының иесі. Fitnation фитнес клубының, «Рахат Палас», Comfort Hotel Astana қонақ үйлерінің иесі, Esentai Mall, Esentai Tower бизнес орталығын, «Алмалы» сауда орталығын, Латвиядағы Jurmala Golf Club & Hotel қонақүйін серіктесімен бөлісіп басқарады. McDonalds тамақтану орнының Қазақстандағы және Ресейдегі франчайзинг иесі.

Оның Британия, Чехия, Ресейде қымбат үйлері бары да белгілі болған.

Боранбаев Қарағандыдағы фармацевтикалық кешенін де бақылайды. Қазақстан билігі «Спутник V» екпесін Қарағанды фармкешенінде шығару үшін 15 миллиард 175 мың теңге бөлген.