Тоқаев референдумда дауыс берді

Президент әл-Фараби атындағы оқушылар сарайының ғимаратында орналасқан сайлау учаскесіне барған.

Жалпыұлттық референдум арқылы Конституцияға өзгерістер мен толықтырулардың енгізілуі – бүгінгі аса маңызды шараның басты ерекшелігі. Бұған дейін Ата заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі шешімді парламент қабылдайтын.

Қасым-Жомарт Тоқаев дауыс бергеннен кейін отандық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін брифинг өткізді. Мемлекет басшысы қазақстандықтарды өтіп жатқан референдуммен құттықтады.

Бүгін еліміз үшін, шын мәнінде, тарихи күн. Халқымыз бетбұрысты шешім қабылдамақ. Ешқандай мәжбүрлік жоқ. Референдум жоғары деңгейде ұйымдастырылған, – деді Қазақстан президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев
Қасым-Жомарт Тоқаев. Фото: Akorda.kz

Содан кейін мемлекет басшысы конституциялық реформаның негізгі мақсаттары мен міндеттеріне қатысты журналистердің бірқатар өзекті сауалына жауап берді.

Қасым-Жомарт Тоқаев
Қасым-Жомарт Тоқаев. Фото: Akorda.kz

Еске салайық, бүгін, 5 маусымда Қазақстанда жалпыхалықтық референдум басталды. Азаматтар Конституцияның 33 бабына ұсынылған түзетулер бойынша 07.00-ден 20.00-ге дейін дауыс береді. Өзгертулердің ішінде 1995 жылы таратылған Конституциялық сотты қайта құру, президентке саяси партияларға мүше болуға, ал оның жақындары мен туыстарына саяси және квазимемлекеттік секторда лауазымды қызмет атқаруға тыйым салу, парламент жұмысы мен сайлау жүйесін өзгерту мәселелері бар.