Премьер-министр елімізде 5G енгізу бойынша тапсырма берді

Әлихан Смайылов цифрландыру мәселелері жөніндегі комиссияның отырысын өткізді. Онда мемлекеттік органдардағы бизнес-үдерістердің реинжинирингі, азаматтар мен заңды тұлғалар туралы мәліметтерді түзетудің оңайлатылған механизмін енгізу, сонымен қатар бесінші буындағы ұялы байланысты енгізу және дамыту (5G/IMT) барысы қаралды.

Бірінші мәселе бойынша цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин баяндама жасады. Ол мемлекет басшысының мемлекеттік аппарат қызметін бюрократиядан арылту жөніндегі тапсырмасын орындау аясында процестер мен мемлекеттік органдар функцияларының кешенді реинжинирингі, құжат айналымы мен есептілікті қысқарту жұмыстары жүргізіліп жатқанын, ол мерзімдер мен кезеңдерді екі есеге қысқартуды көздейтінін хабарлады.

Бүгінгі таңда 100-ден астам бизнес-процесс бойынша жұмыс жүріп жатыр: оның 55-і бойынша реинжиниринг жүргізілсе, 35-і мемлекеттік органдардың келісуінде, 43 бизнес-процесс сипатталып, рәсімделді.

Реинжиниринг азаматтар мен бизнеске қызмет көрсету уақытын бірнеше есе қысқартуға мүмкіндік береді, жалпы мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылын жақсартады.

Мемлекеттік органдардың бюджет және норма түзушілік процестеріне реинжиниринг жүргізу үкіметке стратегиялық міндеттердің орындалуын, елдегі макроэкономикалық жағдайды, өзекті және дұрыс деректер негізінде нақты уақыт режимінде ұлттық жобалардың іске асырылуын тұрақты бақылап отыруға мүмкіндік береді. Бұл мемлекеттік қызметтің жаңа цифрлық форматқа көшуіне негіз болмақ,- делінген хабарламада.

Премьер-министр осы бағыттағы барлық жұмысты сапалы әрі уақытылы аяқтауды тапсырды. Екінші мәселені қарау барысында бүгінгі таңда азаматтар мемлекеттік деректер қорындағы қателерге байланысты әртүрлі құжаттарға түзетулер енгізіп жататыны атап өтілді.

Әлихан Смайылов айтылған тәсілдерді қолдап, оларды іске асыру мәселесін егжей-тегжейлі пысықтауды тапсырды. 2021 жылы жеке операторларға Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкентте 5G технологиясын тестілеу құқығы берілді.

Премьер-министр 5G желілері үшін жиіліктерді бөлу тетіктерін қосымша пысықтауды және жаңартылған ұсыныстарды комиссияның қарауына қайта енгізуді тапсырды.