Зейнетақының орташа мөлшері былтырғымен салыстырғанда 11% өседі

Бұл шаралар бүгін қабылданған «2022–2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңда қарастырылған.

Біз бүгін 2022 жылға арналған республикалық бюджетті нақтыладық. Қазіргі таңда әлеуметтік-экономикалық ахуалдың күрделі екенін көріп отырмыз. Әлем коронавирус індетінен кейін әлі толық қалпына келген жоқ. Осы тұста санкциялық текетірес пен геосаяси ахуалдың шиеленісуі жағдайды одан әрі ушықтырып жіберді деп айтуға толық негіз бар. «Қасіретті қаңтар» оқиғасы да еліміз үшін ауыр сынақ болды. Қазір әлем бойынша экономикалық өсімнің төмендеуі болжанып отыр. Шикізат бағасы өсті, сонымен бірге инфляция да арта түсті. Логистикаға қатысты пробелмалар да өзекті болып тұр. Мұның бәрі Қазақстанның экономикасына, республикалық бюджетке айтарлықтай зардабын тигізіп жатыр. Осыған орай, мемлекет экономикамызды қорғауға қажетті шараларды қабылдады, — деді сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев.

Оның айтуынша, бүгін бюджетке енгізілген түзетулер президенттің тиісті тапсырмаларын орындауға бағытталып отыр.

Бүгін қабылданған түзетулердің нәтижесінде сәуір айынан бастап зейнетақы мен әлеуметтік төлемдер қосымша 4% индекстеледі, яғни артады. Мұндай қадам 4 миллионнан астам адамға игі әсерін тигізеді. Жалпы алғанда, зейнетақының орташа мөлшері былтырғымен салыстырғанда 11% өседі,- деді Мәулен Әшімбаев.