Сенат референдум туралы заң жобасын мәжіліске қайтарды

Құжатқа түзетулер енгізілгендіктен заң жобасы мәжіліске қайтарылды.

Құжаттың бұрынғы нұсқасы бойынша тұңғыш президенттің мәртебесіне қатысты мәселелер республикалық референдумның нысанасы бола алмайды.

Сенат депутаттары бұл норманы заң жобасынан алып тастауды ұсынды. Түзету қолданыстағы заңның 3-бабының 2-тармағы туралы болып отыр.

Сенаттың редакциясында бұл норма «мемлекеттің тәуелсіздігін, Республиканың біртұтастығы мен аумақтық тұтастығын, оны басқару нысанын, Республика қызметінің түбегейлі принциптерін өзгерту» мәселелері ғана референдумның нысанасы бола алмайтынын көздейді.

Енді бұл заң жобасын мәжіліс депутаттары қайта қарайды. Егер олар келіссе, құжат алдағы уақытта мемлекет басшысына қол қоюға жіберіледі.

Еске салайық, 29 сәуірде президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде референдум өткізуді ұсынды.

Мәжіліс депутаттары «Республикалық референдум туралы» Қазақстан Республикасының конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» конституциялық заң жобасын қарауға алған болатын.