Министрлік құрылыс материалдарының неге қымбаттап кеткенін түсіндірді

Ведомство мәліметінше, геосаяси жағдайға байланысты туындаған көлік-логистикалық дағдарыс аясында биыл басқа елдердегідей Қазақстанда да нысан құрылысының қымбаттауы және құрылыс материалдарын жеткізушілердің алыпсатарлық әрекеттері өзекті мәселе.

Осыған байланысты ішкі нарықтың құрылыс материалдарына деген қажеттілігін қанағаттандыру, сонымен қатар импортқа тәуелділікті төмендету және бағаның ауытқуын болдырмау үшін 2025 жылға дейін 15,7 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын ашып, 157 инвестициялық жобаны іске асыру ұсынылды. Қазіргі уақытта өңірлердегі әкімдіктерімен, даму институттарымен және «Атамекен» ҰКП-мен келісе отырып құрылыс индустриясы жобаларын 2025 жылға дейін егжей-тегжейлі іске асыру жөніндегі жол картасы әзірленіп, бекітілді, — делінген хабарлмада.

Сонымен қатар, министрлік Samruk-Kazyna Construction АҚ-мен бірлесіп, импортты алмастыратын 35 жоба іріктеп алған.

Жобаларды іске асыру сантехкерамика, жылу оқшаулағыш материалдар, бөлмелер арасындағы есіктер, ДСП, шыны, керамикалық плиткалар, еден жабындары және басқа да сұранысқа ие құрылыс материалдары санатындағы импорт үлесін төмендетуге мүмкіндік береді, — делінген хабарламада.

Министрлік бюджет қаражаты есебінен салынып жатқан нысан құрылысының қымбаттауының алдын алу үшін қадамдар жасаған. Мәселен, құрылыс ресурстары құнының елеулі ауытқуына жедел ден қою мақсатында ведомство құрылыс материалдарының өзекті сметалық бағаларының жинақтары шығарылып жатыр. Бұл бюджеттік нысандардың аяқталмаған құрылыс көлемінің ұлғайып кету тәуекелін төмендетуге мүмкіндік береді.

Қазақстанда мемлекеттік инвестициялар есебінен салынып жатқан 286 нысанның құрылысы тоқтатылғаны айтылды. 84 жағдай бойынша құрылыс жұмыстары жобалардың қымбаттауына байланысты тоқтап қалғаны анықталды.

Құрылыс саласын тұрақты мониторингілеу нысандарды қаржыландыру кезінде жергілікті атқарушы органдардың жүйесіз іс-қимылы осындай қымбаттаудың бірден бір себебі саналатынын көрсетеді. Бір нысанды аяқтамай, олар тағы бірнеше жобаны жүзеге асыруға кіріседі және осы қаражат шегінде құрылыстың аяқталу мерзімін ұзартады. Бұл мердігерлердің өз міндеттемесін толықтай орындамай, құрылыс жұмыстарының тоқтауына әкеп соғады. Былтыр құрылыс ресурстары құнының өсуіне байланысты өңірлердің әкімдіктері 641 жоба бойынша құрылыс құнын түзету бойынша өтініш білдірген, — деді ведомство өкілдері.

Осыған байланысты ИИДМ қаржы министрлігіне қаржыландыру мерзімдерін орындау бөлігінде жауапкершілік шараларын қатаңдатуды, сонымен қатар жобаларды түзетуді жеңілдету бөлігінде мемлекеттік аудит жүргізу мерзімдерін нақтылауды ұсынған.

Қабылданып жатқан шаралар елдегі тұрғын үй және өнеркәсіп құрылысының қарқынын төмендетпеуге мүмкіндік береді.

2022 жылы 15,1 миллион шаршы метр жаңа тұрғын үй салу жоспарланған. 2022 жылдың 2 айында 1,8 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. 2021 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 13 өңірде тұрғын үйді пайдалануға беру көлемінің ұлғаюы байқалады. Ең жоғары өсім байқалатын өңірлер: Павлодар (191,1%), Солтүстік Қазақстан (146,3%), Түркістан (139,5%), Алматы (125,2%) және Ақмола (113,8%) облыстарында, сонымен қатар Алматы қаласы (110,5%). 2022 жылы тұрғын үй құрылысы саласына 2,4 триллион теңге инвестициялар тарту жоспарланып отыр.