Басты бетЖаңалықтарҰБТ нәтижесін...

ҰБТ нәтижесін саралау ережесіне өзгеріс енеді

Бұл туралы білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Facebook-тегі парақшасында жазды.

Енді ҰБТ қорытындысы бойынша әр мектеп, облыс, тіпті пән бойынша талдау жасап, оны мектептердің жұмысын бағалау үшін пайдалануға шешім шығардық. Электронды форматқа көшу енді тестілеуге тақырыптық талдау жасауға мүмкіндік береді. Мұндай жаңалықты біз наурыз айындағы ҰБТ кезінде пилоттық режимде енгіздік, — деп жазды министр.

Оның айтуынша, енді түлек тестілеуді аяқтағаннан кейін жинаған ұпайларының нәтижесін ғана емес, сонымен қатар қандай тақырыптарды білетіні және қайсысына көңіл бөлу қажет екені туралы қосымша талдау алады.

Дәл осындай талдауды мектепке де, нақты пәнге қатысты да, аудан, облыс және жалпы республика көлемінде де жасаймыз. Бұл не береді? Бұл шешім тестілеушілерге қандай тақырыптарға назар аудару, қандай тақырыптарды күшейту керегін көруге мүмкіндік береді. Яғни сынаққа қатысушылар қазірдің өзінде өздерінің әлсіз тұстарын анықтап, жеке тақырыптарға көбірек уақыт бөліп, қателермен жұмыс істей алады, — дейді ведомство басшысы.

Асхат Аймағамбетов бұл тәсіл мұғалімдерге оқушылардың қандай тақырыптарда қиналғанын көруіне мүмкіндік беретінін айтты.