Реформа: Парламент жұмысында не өзгереді?

Елімізде Реформаға сәйкес, Парламенттің өкілеттігі күшейтілмекші. Енді сайлауда жеңген партия Үкімет құрамын анықтауға түбегейлі ықпал ететін болады.

«Президент енді екі-ақ министр – Қорғаныс пен Сыртқы істер министрін ғана тікелей тағайындайтын болады. Қалған министрлердi тағайындамас бұрын Мемлекет басшысы мiндеттi түрде Парламентпен келiседi. Депутаттардың келiсiмiнсiз министрлер тағайындалмайды. Бұдан бөлек, бұрын Парламент министрлерге сенiмсiздiк бiлдiре алмайтын. Енді сенiмсiздiк бiлдiредi де, «мына министрдi орнынан алу керек» деп Президенттiң алдына мәселе қояды. Осындай мүмкiндiктер берiлiп отыр», — дейді Мемлекет және қоғам қайраткері Әдiл Ахметов.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Үкiмет жұмысын бақылау функцияларының бiразын Парламентке жүктемек. Осылайша, Парламент қабылдаған заңдарының орындалуын жіті бақылайтын болады. Әрі Үкімет Президенттің ғана емес, енді Мәжілістің алдында да есеп береді.

«Үкімет қызметінің негізгі бағыттары және оның аса маңызды барлық шешімдері туралы Президентке ғана емес, енді Парламент Мәжілісіне де баяндап отырады. Бұл әрі Мәжілістің, әрі Үкіметтің жауапкершілігін көтереді. Екеуінің сыйластық, ынтымақтастықта жұмыс істеуіне пайдасын тигізеді деп ойлаймыз», — дейді экономика ғылымдарының докторы Кемел Мырзагелді.

Тағы бір маңызды жайт — Үкімет жаңадан сайланған Мәжілістің алдында өз өкілеттігін доғарады. Бұрын министрлер кабинеті Президент сайлауынан кейін таратылатын еді.

«Сонымен бірге Президент жергілікті мәслихаттарды мерзімінен бұрын тоқтату үшін парламент палаталарының төрағалары және Премьер-министрмен консультация өткізеді. Бұл да Парламенттің жауапкершілігін көтереді. Президентке оның бастамасы бойынша әр палата депутаттарының жалпы санының үштен екiсiнiң дауысымен бiр жылдан аспайтын мерзiмге заң шығару өкiлеттiгiн беруге қақылы деген сөздiң де бүгiнде қажеттiлiгi жоқ. Себебi парламент тұрақты түрде жұмыс iстегеннен кейiн бiр айлық үзiлiс болмайды. Президент тек Мәжiлiстi ғана таратады, ал Мәжiлiс таратылған кезде Сенат қалыпты түрде жұмыс iстеп, еш кедергiсiз өз қызметiн жақсы атқарған жағдайлар болды. Бұл да дұрыс шешiм», — дейді профессор.

Осылайша, Парламентке Президент біраз билігін бөліп бермекші. Бірақ осыған қоса заң шығарушы билікке артылған жауапкершілік те зор. Мамандардың пікірінше, конституциялық өзгерістерді жүзеге асыру үшін қазіргі Парламентті таратып, жаңасын сайлаудың қажеті жоқ. Депутаттар жаңа өкілеттіктерді қабылдауға дайын.

«Бұл қазiргi толысқан, кемелiне келген кәсiби Парламенттiң қолынан келетiн шаруа деп санаймыз. Осы орайда Парламенттiң қазiргi шақырылымындағы құрамы жұмысында ашықтық, айқындық, батылдық болып жатқанын айтқымыз келедi. Қазiргi заң шығарушы билiк осындай жүктi өзiнiң мойнына артуға даяр деп есептеймiз. Белгiлi бiр дәрежеде қиындықтар болатыны анық. Өйткенi жылдар бойы үкiмет нақты тапсырманы орындап үйренiп қалды. Өзi шешiм қабылдап, өзi бағдарламаларды әзiрлеп, iске асыру оңай болмайды», — дейді С.Әбдірахманов.

Ал Әділ Ахметовтің пікірі бойынша Президенттің Парламентке сенім артуы, еліміздегі демократияның күшейе түскендігінің белгісі екен.

«Бұл жерде Парламент соған сай ма, әлде жоқ па деген әңгiме жоқ. Парламент дайын. Оған тек қана билiк берiп отырған жоқ, мiндет берiп, жауапкершiлiк артып отыр ғой. Жалпы, бұл елімізде демократияның күшейгенiн бiлдiредi. Бiрақ бұдан Президенттiң билiгi әлсiреп қалды деп айтуға болмайды. Өйткенi бұрын Мемлекет басшысы Парламент пен Үкiметтiң атқаратын жұмысының бәрiн өзiнiң мойнына алды. Қазiр соны жеңiлдетiп, билiктi бөлiп берiп отыр. Менiңше, бұл дұрыс құбылыс», — деген пікірін білдірді Әділ Ахметов.

 

ДереккөзBaq.kz