Универсиада-2017 жарыстарына қосымша билеттер сатылымға түсті

Осыған дейін хабарланғандай, халықаралық хаттамаға сәйкес трибуналардағы орындардың бір бөлігі студенттік ойындарға қамқорлық етіп отырған FISU ұйымының өкілдері, сондай-ақ, ресми делегация мүшелері, спортшылар, БАҚ өкілдері үшін сақтап қойылады. Сатуға болмайтын бұл квотаның үлесі әртүрлі жарыстарда жалпы көрермендер орнының 30%-ға дейінін құрайды.Қазіргі таңда  FISU квотасының 90%-ға дейінгі үлесін еркін сатылымға шығару туралы уағдаластық жасалды. Жарыстарға арналған билеттер, соның ішінде, мәнерлеп сырғанау және хоккей секілді көпшілік арасында үлкен сұранысқа ие болып отырған сайыстарға билеттер бүгіннен бастап билет сатумен айналысатын операторлар жүйелеріне (онлайн және офлайн) кезең-кезеңімен сатылымға түседі.

Сондай-ақ, үлкен сұранысқа байланысты «Ticket Day» жүйесі бойынша жарыстарға қосымша билеттерді сату туралы шешім қабылданып, қандай да бір іс-шаралар аясында отыруға арналған орындар саны толығымен сатылып болған соң, билеттер орталықтандырылған сатылым жүйесіне шығарылады. «Ticket Day» дегеніміз орынсыз сатылатын билеттер, мұндай билеттердің саны спорт нысандарының ең көп сыйымдылығы мен қауіпсіздік талаптарына сәйкес шектелетін болады.

Билеттерді көптеп сатып алып, оларды қайта сатумен айналысып жүрген кәсіпкерлермен күресу мақсатында ұйымдастырушылар бір адамға сатылатын билеттер санын 8 данадан 5 данаға дейін азайтып отыр.

Бүгіннен бастап нақты бір жарыстарға билеттердің бар-жоғы туралы ең соңғы ақпарат нақты уақыт тәртіптемесінде Универсиада сайтының бас бетінде жарияланатын болады.

Қазіргі таңда Универсиадаға сатылған билеттердің саны 184 мыңды құрады (жалпы көлемнің шамамен 80%-ы). Бұл Қазақстанда өткізілген бүкіл іс-шараларға сатылған билеттер арасындағы рекордтық көрсеткіш болып отыр. Осы тұста дәл жарыстар басталар алдында сұраныс айтарлықтай өсіп отырады. Мәселен, Универсиаданың ашылу салтанатынан кейін 30 мыңға тарта билет бірден сатылып кеткен. Сұраныс әлі де жоғары деңгейде болып отырғандықтан, ұйымдастырушылар сатылымға түсетін қосымша билеттерді сатып алуды кейінге қалдырмауға кеңес береді.

ДереккөзInform.kz