Басты бетҚоғамҚаңтардағы тәртіпсіздік...

Қаңтардағы тәртіпсіздік кезінде қанша қару ұрланған және оның нешеуі табылды?

Бас прокурор Ғизат Нұрдәулетов қаңтардағы тәртіпсіздіктер өршіп тұрған кезде қызметтік ғимараттарды тастап кеткен күштік құрылым органдарының лауазымды тұлғаларына қатысты бөлек тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлады.

Осындай әрекеттер салдарынан Алматыда, Алматы және Жамбыл облыстарында құқық қорғау органдарының арсеналындағы 1 500-ден астам қару «қылмыскерлердің» қолына түскен.

Жалпы алғанда, қаңтар оқиғасы кезінде 3 388 қару, оның ішінде 10 аңшылық дүкенінен 1 629 мылтық ұрланған. Осының тек үштен бірі немесе 967 қару табылды. Қаруларды іздеу және қайтарып алу жұмыстары, барлық фактіні тергеп-тексеру жалғасып жатыр.

Ғизат Нұрдәулетов сонымен бірге президентке жанар-жағармай материалдары, сұйытылған газ айналымы және бағаны белгілеу, кедендік шекара саласындағы тексерудің алдын ала нәтижелері туралы есеп берді.

Мемлекет басшысы қылмыстық қудалауға түскен азаматтардың конституциялық құқығын сақтаудың маңызды екенін атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев кінәлі адамдарға қатысты жауапкершілік шараларын қабылдай отырып, әрбір расталған хабарламаға дер кезінде назар аударуды, сонымен қатар  тергеу барысы жөнінде халыққа уақтылы ақпарат беруді тапсырды.