Тоқаев Путинмен кездесу нәтижесіне көңілі толғанын айтты

Кездесудің алдында Қазақстан президенті «Құрметті қонақтар кітабына» қолтаңба қалдырды.

Ақорданың хабарына қарағанда, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Рустам Минниханов сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалар бойынша Қазақстан мен Татарстан арасындағы ынтымақтастықты кеңейту жолдарын талқылады.

Қазақстан президенті мыңжылдық тарихымен, бай мәдени мұраларымен танылған Татарстанға сапармен келуге шақырғаны үшін Рустам Миннихановқа алғыс айтты.

Мұнда Қазақстан президенті ретінде келгеніме өте қуаныштымын. Сізбен елімізде бірнеше рет кездестім. Біз көп мәселе туралы, соның ішінде Қазақстан мен Татарстан арасындағы ынтымақтастықты дамыту және нығайту жөнінде сөйлестік. Екіжақты ынтымақтастыққа негізделген маңызды жобаларымыз бар. Егер Қазақстан мен Татарстан басшылары саяси ерік-жігер танытса, бұл жобалардың жүзеге асырылатыны сөзсіз, – деді мемлекет басшысы.

Фото: Akorda.kz

Қасым-Жомарт Тоқаев Рустам Миннихановқа кеше Мәскеуде Ресей президенті Владимир Путинмен жүргізген табысты келіссөзі туралы айтты.

Келіссөздің мазмұнына, кездесу нәтижелеріне көңілім толды. Біз, әрине, Ресей Федерациясының субъектісі ретінде Татарстанмен  арадағы ынтымақтастықты Қазақстанның дамыта беретіні жөнінде де әңгімелестік. Владимир Путин баспасөз мәслихатында сөйлеген сөзінде Ресей Федерациясының қарқынды дамып келе жатқан субъектілерінің бірі Татарстанға ерекше тоқталды және осы республикаға жұмыс сапарымен бару жөніндегі шешімімді қолдады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Татарстан арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамытудың маңызды екенін атап өтті.

Шын мәнінде, елдеріміз арасындағы байланыстардың тарихы терең. Тарихымыз – ортақ. Бұл тақырыпта жазылған мақалалар мен кітаптарды қызыға оқимын. Оқыған сайын тарихи байланыстарымыздың соншалықты терең әрі сабақтасып жатқанына көз жеткіземін, тіпті таң қаламын. Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты міндетті түрде дамыту керек деген пікіріңізді қолдаймын. Қазақстан бұған дайын, – деді Қазақстан президенті.

Фото: Akorda.kz

Қасым-Жомарт Тоқаев Рустам Миннихановтың мықты әрі беделді басшылығымен Татарстанның қарқынды дамып келе жатқанын жоғары бағалап, республика халқының игілігі жолындағы қызметіне табыс тіледі.

Татарстан президенті Қазанға сапармен келгені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс білдіріп, Қазақстанмен ынтымақтастықты дамытудың стратегиялық маңызын атап өтті.

Біз үшін бұл – үлкен абырой. Қазақстан мен Ресей арасындағы достық байланыстар аясында сіздің еліңізбен ықпалдастықты нығайту мүмкіндігін жоғары бағалаймыз. Қазақстан – Татарстан Республикасы үшін стратегиялық серіктес. Қазақстанның аймақтарымен көп келісім жасалған. Сіздің еліңізде табысты жұмыс істеп жатқан компанияларымызды көптеп мысалға келтіруге болады, – деді Рустам Минниханов.

Фото: Akorda.kz