Тәуелсіздік құрдасымын. Әпкелерім Алматыда барахолкада жұмыс істейтін. 7-сыныптан бастап мен де еңбекке араластым. Велосипед құрып, заттарды тасып үлкендерге көмектесетінмін. Көлемі кіші велосипедке 50 теңге, ал үлкенін құрастырғаныма 100 теңге алатынмын. Жазғы үш айлық демалыста шамамен 60-70 мың көлемінде ақша жинап, Сарқанға қайтатынмын. 9-сыныпты бітіргеннен кейін, Алматыдағы Д.Қонаев атындағы колледжге, заң саласына оқуға түстім. Түске дейін сабақта, түстен кейін базарда жұмыс істедім. Колледж бітірген соң үш айлық өндірістік тәжірбиенің бір айын өттім де, бұл сала менікі емес екендігін түсіндім. Сөйтіп 2010 жылы Талдықорғанға келдім. Бір досым қаладағы «Алатау» кондитерлік цехының банкротқа ұшырағандығын айтты. Содан астымдағы көлігімді сатып, цехты өз қолыма алдым. Үш ер, 25 әйел қызметкерім болды. Ол кезде небәрі 19 жастамын.

Қуаныш Алдекенов ©SZH.kz

Кондитерлік цехты бір жыл жүргіздім. Деңгейі көтеріліп, Талдықорғандағы басқа цехтармен бәсекелесе алды. Жергілікті «Жетісу арнасы» келіп, жұмысымыз жайлы сюжет түсірді. Әкімдік тарапынан да кәсібімізге қолдаулар болды. Бірақ арада түсініспеушіліктер болып, бірінші директор жиған, тергенінің бәрін алды да, қашып кетті. Мен бастапқы қалпыма қайта келдім.

Алғашында қызметкерлерімнің бәрі дерлік әйелдер болған соң, маған қиынға түсті. Мені бала көріп, елегісі келмейтін. Алайда цех жабылғанда қимай, «өзіміз бөлек цех ашайық» деп ұсыныс білдіргендері де болды. Іс тоқтағандықтан, барахолкаға қайта бардым.

Әпкеммен бірігіп, базардан контейнер алдық. Ол велосипед сататын. Сатушы болып жүріп адамдармен қарым-қатынас, клиенттің көңілінен шығып, тіл таба білуді үйрендім. Ісіміз алға басып, бизнеске шындап кірістім. Сөйтіп Қытайға алғашқы сапарымды жасадым. Үрімжіден асып, Үнді мұхитына дейін шықтым. Зауыт-фабрикалармен келісіп, тауарларды Қазақстанға әкеле бастадым. Елдің батысы, шығысы, солтүстігіне тауарларды жөнелтіп отырдық.

Саудадағы сәтсіздіктер

Тоналған кездеріміз де болды. Бірде шекарадан Қазақстанға кіргеннен кейін, жолда ұрыларға тап болдық. Тоналғанымызды байқамадық. Олар камаздың төбесіне шығып, кесіп, ішіндегі заттарды артта келе жатқан машинаға лақтырып, алып кеткен. Кейіннен шығарып салып жүретін машиналар тағайындадық. Айналымдағы миллиондаған ақшамыз «ұшып» кеткен кездер де болды. Бұл қалыпты жағдай. Себебі — сауда.

Қуаныш дүкені
Әпкесі Гүлмира мен анасы ©SZH.kz

Қытаймен бір жарым жыл жұмыс істедім. Анам осы жақта болғандықтан, Сарқанға қайтуды жөн көріп, туған өлкеме оралдым. 7 жыл сыртта жүріппін. Үйде жеті ағайындымыз. Мен кенжесімін. Алдымда алты әпкем бар. 2004 жылы әкем дүниеден қайтты. Қара шаңырақ иесі болғандықтан, етімді тірі етіп өсірді. Ерте еңбекке араласуыма осы да бір себеп. Жас болған соң, кейде достарыңмен қыдырғың келетін уақыттар болады. Бірақ сәл шыдап, еңбек етуден жалықпау керек. Адал еңбектің жемісі зая кетпейді.

21 жасымда Жаңа жылды достарыммен бірге қарсы алдым. Сол мерекелік кеште жолдас балаларыма: «Той, қуаныштарыңа құттықтап қана барып қайтармын. Мен енді 30 жасыма дейін жұмыс істеуім керек» дедім де, тек шаруамен айналыстым. Қазіргі уақытта жолдастарымның бәрі өз саласында істерін дөңгелетіп отыр. Менің аяққа тұруыма төрт жылға жуық уақыт кетіпті.

Сарқанға келіп алдымен дүкен салдым. Қажетті қаражатты әпкем екеуміз жинастырдық. Несиеге жолаған жоқпыз. Дүкеннің қазіргі орналасқан жері ағаштан, қоқыстан көрінбейтін еді. «Осы жерге дүкен саламын» дегенімде, адамдардың шамамен 95%-ы: «Бұл жерде сауда жүрмейді, неге жерді орталықтан алмайсың», — деп айтқан еді. Өз ісіміздің дұрыс екенін білдік. Сөйтіп, әпкем екеуміз дүкен салуды 2 мың доллардан бастадық. Құрылысқа қосымша қаражат керек болған соң, жан-жақтан түрлі іспен айналысып, ақша таптық. Шындығында, істеймін деген қолға күрек әрдайым табылады.

©SZH.kz

Барахолка бұзылып жатқан кез. Істеп отырған орным жабылып қалды. Жиған-тергенім сонда кеткен болатын. Одан шығып «Атакент» көрме орталығына бардым. Ұялы телефон саттым. Телефон менің салам емес екен, жүргізе алмадым. Барахолка бұзылып жатыр, не істеу керек? Содан Қытайдағы серіктестеріме хабарласып, құйылмалы балмұздақтың аппаратын алдырттым. «Атакенттің» алдында саттық. Қытайлардан тағы бірге жұмыс істеу туралы ұсыныс түсті. Содан олармен келісіп, барахолкадан қойма алдық. Тағы осы салаға қарай тарттым. Дүкен ісін анам мен әпкеме қалдырдым. Олар осында, мен қалада жұмысымды жүргіздім. Былтыр күз айында Сарқанға қайта келіп, бизнесімді үлкейтуді жоспарладым. Сөйтіп, дүкен ашылғаннан 3,5 жылдан кейін көлік жуу орталығын, бір апта бұрын фитнес залын аштым.

Фитнес зал
Фитнес зал ©SZH.kz

Кішкентай кезімде бар тапқан ақшамды жинап, әпкеме беріп отырдым. Әр шығынымды есептейтінмін. Көп ағайынды болғандықтан, өзім де көп балалы болуды армандаймын. Олардың мемлекеттік қызметте болғанын қалаймын. Өзім заң саласын таңдадым. Колледж бітірген соң, университетке түсіп, екінші дипломды да қолға алдым. Мектепті ұл балаға қажетті деңгейде оқығанмын (күледі). Оқушылардың вице-президенті болдым. Физика пәнін Мукарам Қантаевна деген апайым өте қызықты өткізетін. Небір макеттер құрастырып, қаламсап, степлер сияқты кеңсе тауарларынан ракеталар, роботтар құрастыратынбыз. Қарапайым сабақ болса да, оның өміріміздегі орны бар.

Фитнес зал
Фитнес зал ©SZH.kz

Қонақ үй, бильярд залын ашуды ойлап көрдім. Бірақ алдымен пайдалы болсын деп фитнес залды ашудан бастадым. Вконтакте әлеуметтік желісінде «Талдыкорганец» деген топқа сауалнама жүргіздік. Халықтың сұранысы бойынша фитнес залы бой көтерді. Жаттықтырушымыз – Макс. Ол үйінің бір бөлмесінде 40-қа жуық адамды жаттықтырып келген. Фитнес залдың салынғанына оның да қуанышы зор. Алдағы уақытта Сарқанда балалар ойнайтын алаң салғымыз келеді. Жоспарын сызып қойдық. Өткен жаз айында үйлену тойы кезінде жастардың қыдыруына арнайы машиналар шығардым. Осы көктемнен бастап тағы да той машиналарын алып келуді ұйымдастырып жатырмыз.

Қуаныш Алдекенов
Қуаныш Алдекенов, фитнес жаттықтырушы Макс ©SZH.kz

Бұрын әкем екеуміз кешке серуенге шығатынбыз. Сол кезде айналаға қарап, өз құрылыстарым болса екен деп армандайтынмын. Адамдарға көмектесіп, қолғанат болғым келетін. Жақсылық жасағым келеді. Бірақ адам жақсылықты туған-туысқа жасаудан бастауы керек. Қазіргі уақытта қол астымда 12 қызметкерім бар. Табыстары да жақсы. Тиыннан ақша құрап үйренгендіктен, еңбектің қадірін білемін десем де болады. Ешкімнің ақысын жемей, лайықты етіп беруге тырысамын, арасында қосымша сыйақы тағайындаймын.

Көлік жуу орталығы
Көлік жуу орталығы ©SZH.kz

Көлік жуу орталығындағы қызметкерлердің барлығы — ересектер. Табысы да тым жақсы. Жастар мұндай салада жұмыс істегісі келмейді. Кез келген қызмет көрсету орталығында клиент өзіне қолайлы орын іздейді. Біз келушілерімізге жайлы болсын деп шай ішіп, нарда ойнайтын бөлек орын ашып қойдық. Қыста күніне шамамен 10-20 көлік жуылады.

Таңғы 3-4-ке дейін жұмыс істейтін кездеріміз болады. Бірнеше істі жүргізіп отыру — жалғыз адамға қиын. Құрылыс жүріп жатыр, сауда, қалаға бару керек, құжаттарды рәсімдеу керек. Шынымды айтсам, кешке «Қуаныш» деген атты естігім келмей қалады (күледі). Сондай уақытта тауға шығып кетем де, жарты сағаттай ойланып, ес жиып келемін.

«Менің байқағаным…»

Қарап отырсам, адамдар тек бір күндік табысына ғана күн көреді. Нан, шайлығын тауып, басқа өсіп, өркендеу жолдарын қарастыруға ерінеді. Адам өмірдің әр сынағына дайын болу керек. Әсіресе жастар тек таза жұмыста жүргісі келеді. Таңертең ұйқыңды қимай жатуың мүмкін. Сол кезде «бұның барлығы болашағым үшін ғой» деп ерінбей еңбек ету керек. Табандылық танытсаң, іс алға басады, жеңілдейді. Мақсат қойып, күнделікті табысыңды есепте. «Тартып жесең, тай қалар» дейді.

7-сыныпта физика сабағынан ұстазымыз макет жасатты. Тапсырма бойынша армандарымызды жобалау керек болатынбыз. Менің сол арманымның макетін әпкем сақтап қойыпты. Оны маған дүкен ашылғаннан кейін көрсетті. Макетте көп қабатты үйлер ортасында «Қуаныш» дүкені, мейрамханасы тұр.

Ер баланы ата-анам ұзақ күткен. Мен дүниеге келгенде әжем Дариға қатты қуанып атымды елдің қуанышы болсын деп қойған екен. Әжемнің тілегі жолында қызмет еткім келеді. Тек еңбектенуден жалықпау керек.

Сұхбаттасқан Ақжарқын Қыдырханова, суреттер Әсел Сарқыт.

Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар SZH.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез-келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакцияның жазбаша рұқсатын алу қажет.