Коронавирус: медицина қызметкерлеріне қосымша ақы төленеді

Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.

Кімдерге үстемеақы төленеді?

Үстемеақы қауіп деңгейі жоғары болған жағдайда белгіленеді. Сондықтан жансақтау бөлімдері мен басқа да стационарларды қоса алғанда, инфекциялық стационардағы дәрігерлер, орта және кіші қызметкерлерге қосымша ақы төленеді.

Ал орташа қауіп деңгейі зертхана қызметкерлерін, санитарлық-эпидемиология қызмет саласының мамандарын, зертхана мамандары мен лаборанттарды қамтиды.

Сонымен қатар төменгі қауіп жағдайында да үстемеақы қарастырылды. Бұл норма провизорлық стационардағы дәрігерлерге, орта және кіші медициналық қызметкерлерге; орталық атқарушы органдардың әскери-медициналық бөлімшелеріндегі дәрігерлерге, орта және кіші медициналық қызметкерлерге қатысты. Сонымен қатар жедел медициналық жәрдемдегі дәрігерлерге, фельдшерлер мен жүргізушілерге, шұғыл стационарлардың қабылдау бөлімшелеріндегі қызметкерлері де бар.

Республикалық бюджет комиссиясының шешімімен 14 миллиард теңге (32,4 миллион доллардан астам) көлемінде қосымша қаражат бөлінді.

Бұл ретте дәрігерлерге, фельдшерлерге және жедел медициналық жәрдем жүргізушілеріне қосымша ақы төлеу коронавирус инфекциясының диагнозы расталған науқас (науқастар) үшін бір және одан да көп шақыру болған жағдайда нақты жұмыс істеген ауысымы үшін жүргізіледі.

2021 жылдың 1 қазанына дейін төленген алдыңғы үстемеақылар уақытша төлем болғанын, ал жаңа қосымша ақы қызметкер жалақысының негізгі бөлігіне кіріктірілгенін және тұрақты сипаттағы төлем болатынын атап өту керек.