Асқар Мамин президентке инфляциямен күресу шаралары туралы айтты

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Асқар Мамин Қасым-Жомарт Тоқаевқа еліміздің биылғы 11 айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуы және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары, инфляциямен күрес, санитарлық-эпидемиология ахуалы жөнінде есеп берді.

Асқар Мамин Қазақстанның экономикасы пандемия жағдайына сәтті бейімделіп, экономикалық өсімнің қарқынды дамып келе жатқанын айтты. 11 айдың қорытындысы бойынша ішкі жалпы өнім 3,8% артқан.

Үкімет басшысы президентке биылғы қаңтар-қазан айлары аралығындағы сыртқы сауда айналымының көрсеткіштері туралы мәлімет берді. Премьер-министрдің мәліметіне сәйкес, сыртқы сауда көлемі 82,2 миллиард долларға жетті. Бұл былтырғы осы кезеңдегі көрсеткішпен салыстырғанда 14,1% артық. Сонымен бірге экспорттың көлемі 23,5% көбейіп, 49,1 миллиард долларға дейін жеткен. Ал өңделген тауарлардың экспорты 24,4% артқан. Сауда теңгерімі 16 миллиард долларға жеткен.

Премьер-министр мемлекет басшысына азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бағасын тұрақтандыру, инфляцияға қарсы іс-қимылдың кешенді шараларын жүзеге асыру жөнінде баяндады.

Сонымен бірге Асқар Мамин Қасым-Жомарт Тоқаевқа еліміздегі санитарлық-эпидемиология ахуалы, соның ішінде халыққа вакцина салу жұмыстарының қарқыны туралы мәлімет берілді.

Асқар Мамин президентке сыртқы және ішкі инвестицияларды тарту ісін күшейтуге, шағын және орта бизнестің әлеуетін арттыруға, өңірлерді дамытуға, өңдеу секторының өсімі есебінен экономиканың құрылымдарын одан әрі әртараптандыруға бағытталған шаралардың жүзеге асырылу барысы туралы айтты.