Ұлттық банк: Теңге коронавирустың жаңа штамы табылуына байланысты әлсіреді

Ұлттық банктің монетарлық операциялар департаментінің директоры Нұржан Тұрсынхановтың айтуынша, Оңтүстік Африкада коронавирустың жаңа штамы табылғаны туралы хабардан кейін әлемдік қаржы нарықтары әлсіреген.

Оңтүстік Африка Республикасында коронавирустың жаңа штамы табылғаны туралы жаңалықтар әлемдік қаржы нарығына едәуір әсер етті. Оңтүстік Африкада коронавирустың жаңа штамының табылуы және бірқатар елдің әуе қатынасына тыйым салуы өткен жұмада мұнай бағасына, акцияларға және дамушы елдердің валюталарына баға белгілеуді төмендетті. Оңтүстік Африканың штамы ғалымдардың назарына үш күн бұрын ғана түссе де, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының алаңдаушылығын туғызды. Жаңа штамдағы көптеген мутациялар оның жоғары жұқпалылығы және қолда бар вакциналарға төзімділігі туралы қауіптенуді тудырады. Ұлыбритания, Сингапур, Австрия, Израиль, Гонконг жаңа штамның анықталуына байланысты ОАР-дан рейстерді уақытша тоқтатқан алғашқы елдердің қатарында болды. Еуропалық комиссия бүкіл Еуропалық Одаққа ұқсас ұсыныс дайындап жатыр, — деді Нұржан Тұрсынханов.

Оның айтуынша, жаңа шектеу шараларының жаппай ықтимал енгізілуіне байланысты отынға деген сұраныстың күрт төмендеуіне қатысты қауіптену салдарынан «Брент» сұрыпты мұнай бір баррель үшін 82,2 доллардан 72,7 долларға дейін 11,6% құлдырады. Мұнай нарығы АҚШ пен отынды тұтынушы – басқа елдердің стратегиялық резервтерден мұнайды сату бойынша келісілген іс-қимылынан кейін қысымда болды, алайда коронавирус жағдайдың айқын нашарлауы баға белгілеудің құлдырауына әкелді.

Инвесторлар сентиментінің күрт нашарлауы және қаржы нарықтарындағы кейінгі тәуекелдер акция нарығын да айналып өтпеді. Жұмада Eurostox 50 акцияларының еуропалық индексі 4,8%, Nikkei жапон индексі 2,5% құлдырады, S&P 500 Америка индексі 2,3% төмендеп жабылды.

Жоғары құбылмалылық және коронавирустың жаңа штамымен байланысты тәуекелдер АҚШ доллары мен басқа қорғаныш валюталарының одан ары нығаюын қолдайды. Еліміздің негізгі сауда әріптесі Ресей рублінің бағамы жұманың қорытындысы бойынша, мұнай бағасының құлдырауы мен Украина төңірегіндегі геосаяси белгісіздіктің өсуі салдарынан бір доллар үшін 74,6 рубльден 75,6 рубльге дейін 1,2% әлсіреді. Жалпы алғанда, қарашаның басынан бастап дамушы елдердің валюта индексі 4,6% төмендеді, ал АҚШ долларының DXY индексі дамыған елдердің валюталарына қарағанда 2,1% нығайды. Бүгінде Азия сессиясында Moderna мен Pfizer фармацевтикалық компанияларының вакциналарын қысқа мерзімде жаңа штамға бейімдеу мүмкіндігі туралы мәлімдемелері аясында біршама түзетілу байқалады. Мәселен, Брент сұрыпты мұнай бағасы бір баррель үшін 74,96 долларға дейін 3,08% өсті, — деді ол.

Сыртқы нарықтардағы келеңсіздіктер мен мұнай бағасының құлдырауына жауап ретінде бүгін теңге бір доллар үшін 433,50 теңгеге дейін немесе жұмадан бастап 0,4 пайызға әлсіреді.

Мұнайдың бұдан кейінгі серпіні көбіне 2 желтоқсанға жоспарланған алдағы ОПЕК+ кездесуіне байланысты болады, оған сарапшылар COVID-19 жаңа штамы таралуының ықтимал теріс әсерін бағалауы керек. Егер өндіру қарқынын тоқтата тұру туралы шешім қабылданатын болса, онда бұл мұнайдың бағасына және экспорттаушы елдердің валюталарына қолдау көрсетеді. Жаңа штамм айналасындағы белгісіздік штамның жұқпалылық, өлім-жітімге әкелу деңгейін және ең бастысы, осы штамға қарсы вакциналардың тиімділігін анықтауға тиіс ресми тестілеу нәтижелері пайда болғанға дейін сақталады деп санаймыз, — деді Монетарлық операциялар департаментінің директоры.