Басты бетҚоғамАлматының қоғамдық...

Алматының қоғамдық көлігінде жолақы қымбаттауы мүмкін

Оның айтуынша, бүгінде Алматыда 151 қалалық бағыт бар. Оның тең жартысына «Алматыэлектротранс» коммуналдық көлік паркі қызмет көрсетеді. Қалған бағыттар 20 жеке компанияға берілген.

Серік Құсайынов тасымалдаушылар тарифтерді көтеру мәселесін жиын өткен сайын көтеретінін айтты.

Біз тарифті ертең көтереміз деп отырған жоқпыз. Біз жалпы бар мәселені айтып отырмыз. Тарифті көтеру керек. Қазір 80 теңге. Егер біз тарифті көтеретін болсақ, қала тұрғындарымен ақылдасатын боламыз. Бұл сұрақ өте өзекті. Себебі тасымалдаушылар маған тарифтерді қашан көтеретініміз туралы жиі сұрайды. Көктемде бұл мәселеге қоғамдық талқылаулардан кейін ораламыз деп ойлаймын. Келісімсіз баға көтерілмейді, — деді Серік Құсайынов.

Ол бүгінге дейін қала әкімдігі тасымалдаушыларға төлейтін субсидиялар мен дотациялар мәселесін көтермегенін айтты.

Бұл мәселеге осы жылдың басында тасымалдаушыларға төлейтін ақша мөлшерін көргенде ғана назар аудардық. Жылына 40 миллиард теңге төлейміз. Бұл ең үлкен елдік көрсеткіш. Бірде-бір өңір Алматыда тасымалдаушыларға бергендей ақша пайдаланбайды. Сондықтан қала бюджеті бұндай ақша көлемімен күресе алмайды деген сұрақ туындады, — деді әкім орынбасары.

Серік Құсайынов болжам бойынша әкімдік алдағы уақытта жылына 60-70 миллиард теңгеден астам субсидия төлеуі тиіс екенін айтты.

Біз мұны көтере алмаймыз. Сондықтан біз экономиканың үдерісін түсініп, тереңдей бастадық. Біз субсидиялар бойынша есеп айырысу принципі бізге сәйкес келмейтінін көрдік. Бұл ондаған жылдар бұрын жасалған. Бірақ қазір әрбір тиынды санап, ақшаны үнемдеуге тырысып, кіріс-шығысымызды мұқият есептеп отырғанда субсидиялардың үлкен шығын екенін байқадық, өйткені 60-70 миллиардқа ондаған мектеп салуға, жаңа автобустар сатып алуға болады. Сондықтан біз Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне субсидияларды есептеу принциптерінде сұрақтар бар екенін айтып, хат жолдадық. Біз келіспейтіндігімізді білдірдік және осы есептерді қайта қарау үшін осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз, — деді ол.

Алматыда бүгінде 2 400-ден астам қоғамдық көлік жұмыс істейді. Оның ішінде 515 газбен жүретін автобус, 196 троллейбус, 15 электробус және 1 715 дизельді автобус бар.

«Алматыэлектротранс» биылғы және алдағы жылдары газбен жүретін 300 автобус сатып алуды жоспарлап отыр. Сонымен бірге жеке инвестор 2025 жылға қарай 500 мобильді бірлікке дейін арттыра отырып, қалалық маршруттарға қызмет көрсету үшін 200-ге дейін газбен жүретін автобустарды сатып алу, 2022 жылы жаңа автобус паркін салу мәселесін қарастырып жатыр. Сондай-ақ, 2022 жылы Алатау ауданындағы индустриялық аймақта автобус паркінің құрылысын аяқтау жоспары бар.

Наурызбай ауданындағы Абай даңғылын тесу жұмыстары аяқталғаннан кейін көлік жүйесіне түсетін жүктемені азайтуға және бұрыннан бар қалалық бағыттардың бір бөлігін түсіруге көмектесетін жаңа маршруттар ұйымдастырылады.