Бұл туралы Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Шетелдік жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық аясында тіл орталықтарының жұмыс істеуі шетелдік студенттердің қазақ тілін оқып, қазақ халқының мәдениеті мен тарихымен танысуына арналған, — делінген хабарламада.
Мысалы, Беларусь ұлттық техникалық университетінде Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті ашқан Абай атындағы қазақ тілі, тарихы және мәдениеті орталығы жұмыс істейді. Қазақстандықтар шетелдік студенттерге қазақ тілін үйретіп, ұлттық салт-дәстүрлер туралы айтып береді. Түрлі байқаулар, фестивальдар, көрмелер және басқа да іс-шаралар өткізіледі. Сонымен бірге Еуразия ұлттық университеті М. Танк атындағы Беларусь мемлекеттік педагогикалық университетінде Беларусь-Қазақстан мәдени-білім беру орталығын ашты.
Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті базасында Қазақ-Беларусь ғылыми-техникалық ынтымақтастық орталығы жұмыс істейді, оның жанында «Беларусь» тіл және мәдениет орталығы ашылды. Орталықтар жоғары оқу орындары арасындағы Халықаралық ғылыми және мәдени байланыстарды дамытып, Беларусь пен Қазақстан студенттері арасындағы достықты нығайтады. Еуразия ұлттық университеті Қазақстан Республикасы мен Беларусь Республикасы жоғары оқу орындарының ғылыми-білім беру консорциумының қызметін үйлестіретін басты ұйым болып табылады, – деді Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті ректоры, басқарма төрағасы Ерлан Сыдықов.
Еуразия ұлттық университеті бастамасымен Ирандағы Алламе Табатабаи университетінде Иран-Қазақстан мәдени-білім беру орталығы да ашылды. Орталық бірлескен бағдарламаларды ілгерілетуді, бірлескен ғылыми еңбектер мен зерттеулерді жариялауды, жоғары оқу орындары арасында халықаралық іс-шараларды өткізуді үйлестіреді. Еуразия ұлттық университетінің осындай мәдени-білім беру орталықтары Қытайдың оңтүстік-батыс университетінде, Түркияның Nigde Omer Halisdemir университетінде, Өзбекстанның Ферғана мемлекеттік университетінде жұмыс істейді.
Бұдан басқа, Еуразия ұлттық университеті Брюссель қаласында (Бельгия) интернационалдандыру және халықаралық ынтымақтастықты дамыту мәселелері жөніндегі ресми өкілдігін ашты. Еуропалық одақта Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті кампусының ашылуы жоспарда бар.
Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті Қытайдың жоғары оқу орындарымен серіктестік қарым-қатынас орнату және дамыту бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. Қазақстанның Қытайдағы елшілігінің қолдауымен Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті Далянь шет тілдер университетінің базасында Қазақстанды зерттеу орталығын ашты. Онда Әуезов университетінің оқытушылары жұмыс істейді. Олар ниет білдірушілерге қазақ тілін үйретеді, оларды қазақтың салт-дәстүрлерімен таныстырады. Аталған орталық Қазақстан мен Қытай студенттері және оқытушылары арасындағы білім беру, ғылыми байланыстарды кеңейту бойынша да іс-шаралар өткізеді.
Қазақ тілі мен мәдениеті орталықтары Польшадағы Ян Амос Коменский университетінде және Оңтүстік Кореядағы Kyungdong University-де жұмыс істейді. Олар Семей қаласының Шәкәрім атындағы университетінің осы шетелдік жоғары оқу орындарымен ынтымақтастығы аясында ашылды. Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті Польшаның Быдгощ қаласында шетелдік әріптес жоғары оқу орындарының және Түркияның Кастамону университетінің базасында Qazaq eli мәдени орталықтарын ашты.