Бейжің қаласындағы Орталық ұлттар университеті қазақ филологиясы факультетінің доценті, тарих ғылымдарының докторы Дүйсенәлі Әбділәшімұлы — қазаққа қатысты тарихи құжаттарды зерттеп жүрген ғалымдардың бірі. Ол осы уақытқа дейін екі кітап шығарған: алғашқысы «Жұңго бірінші тарихи мұрағатында сақталған қазақша құжаттар» деп аталса, екіншісі, «Ескі қазақ жазба тілі» деген атпен «Елтаным» баспасынан жарық көрген.
Оның айтуынша, мұрағаттағы қазаққа қатысты құжаттар 3 мыңнан да асады екен. Ғалым болашақта бұл құжаттарды да зерттеп, не жазылғанын анықтап, ғылыми айналысқа енгізуді жоспарлап қойған. Әзірге зерттеген 67 құжаттың ішінде 1758 жылы Қабанбай батырдың Чиң патшасына жазған хатынан бастап, кейінгі Әбілпейіз хан, Болат хан, Абылай хан, Уәли сұлтан және олардың балаларының Қытай билеушілерімен алмасқан хаттары да бар. Ал екінші кітапта қазақтың ежелгі жазба тілі лингвистикалық тұрғыда зерделенеді. Аты айтып тұрғандай, бұл еңбектен халқымыздың ежелгі жазба тілі, шағатай, төте жазуларының ерекшеліктері сарапталған.
Дүйсенәлі Әбділәшімұлының бұл еңбектері өткен жылы Қытайда жарық көрген еді. Ал Ахмет Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институтының ғылыми қызметкері Орынай Жұбаева Қытайға барған сапарында осы кітаппен танысып, оның елімізде шығуына ұсыныс жасады.