Қазақстан азаматтары 91 миллион теңгенің қаруын тапсырды

Нұрділдә Ораздың айтуынша, халық арасында ақысының өтеуімен қаруды тапсыру бойынша биыл 20 сәуірінде басталған дәстүрлі акция аяқталған. Осы мақсатта республикалық бюджеттен осы жылға 95 миллион теңгеден астам қаражат бөлінген.

Ол қару-жарақ заттарын өз еркімен тапсырғаны үшін қарудың техникалық жағдайына байланысты әрбір қару үшін 10-нан 100 АЕК сомасында төлем көзделетінін еске салды.

Белгілі болғандай, атыс қаруын, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттар мен құрылғыларды қабылдау әрбір аумақтық полиция органында жүргізілді.

Акция шеңберінде полицияға 1000-нан астам азамат жүгініп, 1,4 мың дана атыс қаруын өз еркімен тапсырған. Олардың ішінде автоматты ойық ұңғылы – 1 бірлік, ойық ұзын ұңғылы – 197 бірлік, қысқа ойық ұңғылы (тапаншалар) – 3 бірлік, тегіс ұңғылы – 1 мың бірліктен астам, травматикалық – 19 бірлік бар. Қазақстандықтар 1 келі жарылғыш заттар мен 57 мың қару патрондарын тапсырды. Брифингте ерікті түрде тапсырылған барлық атыс қаруы, оқ-дәрілер, жарылғыш заттар заңнамада белгіленген тәртіппен жойылған, – деп мәлімдеді Нұрділдә Ораз.

Сонымен бірге ол ең көп атыс қаруы Түркістан, Жамбыл, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарында тапсырылғанын айтты

Бүгінде қару-жарақ заттарын өз еркімен тапсырған азаматтардың өтініштері бойынша өңірлік комиссиялар 908 азаматқа 91 млн теңге төлеу туралы қорытынды шығарды, деп хабарлады министрліктің ресми өкілі.