Семейде мұғалімдерге көше сыпырғызған лауазымды тұлғалар жазаланды

Бұл туралы Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Сонымен бірге қалалық білім бөлімінің басшысы мен екі мектептің директоры әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Семей қаласы білім бөлімінің басшысы Н.А. Фесенкоға қатысты сөгіс түрінде тәртіптік жаза қолданылды. Сонымен бірге ол әкімшілік жазаға тартылды. №9 орта мектептің директоры Н.В. Тегай және №43 орта мектептің директорының міндетін атқарушы А.В. Искрина әкімшілік жауапкершілікке тартылды, — делінген хабарламада.

Еске салайық, әлеуметтік желілерде 16 қазанда Семейдің №43 мектебінде оқу процесіне кедергі келтіріп, мұғалімдерді сенбілікке көше сыпыруға жібергені туралы ақпарат тараған еді.

Педагогтарды қызметінен тыс жұмыстарға тарту, оның үстіне оқу процесіне кедергі келтіру «Педагог мәртебесі туралы» заң талаптарына қайшы келеді. Білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің, сондай-ақ ШҚО Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің қызметкерлері әкімшілік істі қарады, — делінген министрліктің хабарламасында.

Тексеру барысында сенбілікке №43 мектебінің педагогтерінен басқа №9 мектебінің де мұғалімдері де жіберілгені анықталды.

Әкімшілік істі қарау барысында педагогтар қаланы абаттандыру жұмыстарына Семей әкімінің орынбасары Д.А. Гариковтың хаты негізінде шыққаны анықталды.

Хатта педагогтердің сенбілікке таңғы сағат 09.00-де шығуын қамтамасыз ету тапсырылған. Сондай-ақ хаттың әкім орынбасарының қолы қойылған қосымшасына сәйкес әр мектепке аумақты тазарту жұмыстарын жүргізу үшін белгілі бір учаске берілген. Тапсырманың орындалуын бақылау әкімдіктегі бөлімшелердің біріне жүктелген.

Білім және ғылым министрлігі облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың әкімдіктеріне педагогтарды пайдалану және оларды қызметінен тыс жұмыстарға тарту бойынша осындай әрекеттерге жол берілмеуге тиіс екендігі туралы түсіндірілген хат жолдады.