Жасмина Түзелова «Бала дауысы» байқауының жеңімпазы атанды

Байқауды Әлия Назарбаеваның «Жандану әлемі» қоры Мәдениет және спорт министрлігі мен Нұрсұлтан Назарбаев қорының қолдауымен өткізеді.

Финалдық концерттік бағдарламалар аясында 14 облыс, Шымкент, Алматы және Нұр-Сұлтаннан келген 17 финалист өнерін үлкен сахнада көрсетті.

Жас вокалистер 25 наурыз бен 15 мамыр аралығында өткен қашықтан іріктеу турының жеңімпаздары атанды, оған 8 жастан 12 жасқа дейінгі 5 583 бала қатысты. 7 қазанда «Шетелдік және отандық хиттер» атты концерттік бағдарлама өтті, онда жас әртістер танымал композицияларды орындап, бірегей нөмірлерін ұсынды.

Бала дауысы 2021
Фото: Inform.kz

Балалардың өнерін танымал өнер қайраткерлері бағалады, олардың ішінде Әли Оқапов, Әйгерім Рақышева (Ayree), Ерден Жақсыбеков, Бейбіт Көшқалиев және Диана Снегина бар. Ал 9 қазан күні байқаудың 5 жылдығына және Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған «Туған күніңмен, «Бала дауысы!» гала-концерті өтті.

Балалар тәлімгерлермен – өткен жылдардың финалистерімен бірге танымал және авторлық ән композицияларын орындады. Алтыншы маусымның Гран-при иегері – Нұр-Сұлтан қаласынан Жасмина Түзелова. Оған Ұлттық Өнер университетінде оқуға грант берілді.

Бала дауысы 2021
Фото: Inform.kz

Бірінші орын – маңғыстаулық Әмина Асғатоваға берілді, екінші орын – алматылық Юлия Макс пен Қарағанды облысынан Виктор Емельяновқа берілді. Үш финалист үшінші орын сыйлығына ие болды. Олар – Атырау облысынан Алтынай Төлеген, Қызылорда облысынан Мадияр Серік және Түркістан облысынан Майя Болат.

«Телекөрермендер жүлдесі» аталымында Батыс Қазақстан облысынан келген Санжар Дәукенов жеңімпаз атанды.