Басты бетМәдениетҚарағандылық фортепианошы...

Қарағандылық фортепианошы халықаралық байқаудың жеңімпазы болды

Жеңімпаз «Уотерман» алтын медалі мен 25 000 фунт стерлинг сыйақыға ие болды.

Сонымен қатар ол Warner Classics компаниясы ұйымдастырған дауыс жазуға және Steinway&Sons тарапынан еуро тур жасауға мүмкіндік алды. Сонымен бірге Әлім XX-XXI ғасырлардағы үздік туындыларды жақсы орындағаны үшін берілетін Ливерпульдегі корольдік филармония қауымдастығының және medici.tv нұсқасы бойынша көрермен көзайымы сыйлығына ие болды.

Байқау қорытындысы бойынша жапониялық Кайто Кобаяши екінші орын мен күміс медальға ие болса, үздік үштікті израильдік Ариэль Лани түйіндеді. Музыканттар Ливерпульдегі корольдік филармонияның дерижері Эндрю Манценің сүйемелдеуімен классикалық туындыларды орындады.

Әлім – бұл байқауда жеңіске жеткен тұңғыш қазақстандық өнерпаз. 23 жастағы музыкант 2016 жылдың қыркүйегінен бастап Лондондағы корольдік музыка колледжінің магистратурасында оқиды. Бұл оқу орнында ол танымал профессор – Ванесса Латарш пен Дмитрий Алексеевтен дәріс алады.

Әлім Бейсембаев
Фото: Мәдениет және спорт министрлігі

Айта кетейік, Әлім Бейсембаев 5 жасынан бастап фортепианода ойнайды. 2008 жылы «Щелкунчик» атты телевизиялық байқауда жеңіске жетіп, П.Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясы жанындағы орталық музыка мектебіне оқуға түскен. Араға 2 жыл салып Англиядағы Перселл мектебіне ауысты. Әлім Веймардағы Лист атындағы халықаралық жасөспірімдер байқауының және Манчестердегі халықаралық пионистер байқауының жеңімпазы. Бұдан бөлек Ван Клиберн атындағы жас пионистер арасындағы І халықаралық байқауда топ жарған.