Ұлттық банк төрағасы баға өсуін қалай тоқтататынын айтты

Банк төрағасының айтуынша, биыл инфляцияның жеделдеуіне азық-түлік бағасының шарықтауы себеп болған. Сегіз айдың қорытындысы бойынша азық-түлік бағасы 11,4%-ке өскен.

Оны осы жылдың соңына қарай 8%-ке дейін төмендету үшін үкімет пен әкімдер реттеушілік сипаттағы және монополияға қарсы ықпал етудің тиімді уақытша шараларын негізге алып, жекелеген нарықтарда маусымдық күтпеген өзгеріс мен теңгерімсіздікті жою бойынша жедел шаралар қабылдайды, — деді Ерболат Досаев Үкімет отырысында.

Инфляцияны тұрақтандыру үшін үкімет тауарлар өндірісі, экспорты мен импорты балансын қатаң сақтай отырып, ішкі нарықты жан-жақты толықтыру, агроөнеркәсіптік кешеннің өнімділігін арттыру және тиімді тауар өткізу жүйесін дамыту жөніндегі бастамаларды іске асырмақ.

Бұл азық-түлік инфляциясын 2022 жылы 6%-ке дейін және 2023-2024 жылдары 5%-ке дейін төмендетуге мүмкіндік береді, — деді ол.

Ұлттық банк азық-түлікке жатпайтын инфляция 2022 жылы 5%-ке дейін, ал 2023-2024 жылдары 4%-ке дейін төмендейді деп болжап отыр.

Ерболат Досаев 2023 жылдан бастап бағаны әкімшілік реттеуден халықтың әлеуметтік осал топтарына атаулы көмек көрсетуге ауысуды бастау орынды деп есептейді. Бұл сервистік инфляцияны 2022-2024 жылдары 4% деңгейінде тұрақтандыруға мүмкіндік береді.

Оның айтуынша, ұсынылатын шаралардың тиімділігі көбіне өңірлердегі жұмыстың жұмыла ұйымдастырылуы мен үйлестірілуіне байланысты болады. Сол себепті Ұлттық банк инфляцияны тұрақтандырудың арнайы жоспарларын қабылдап, өңірлермен бөлек-бөлек жұмыс жүргізуді ұсынды.

Ұлттық банк баға тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін дезинфляциялық ақша-кредит саясатын жүргізуді жалғастырады.

ДереккөзSputnik.kz