Асхат Аймағамбетовтің хабарына қарағанда, Жоғары оқу орындары қауымдастығы мен Ректорлар кеңесі Тамыз кеңесінің отырысында магистратура мен докторантураға қабылдауға қатысты ұсыныстар енгізді.
Егжей-тегжейлі талқылаудан кейін біз қабылдау ережелеріне өзгерістер енгізу туралы шешім қабылдадық. Енді магистратура мен докторантураға қабылдау жылына екі рет өткізіледі, яғни, магистратура мен докторантураға түсу емтихандары дәстүрлі түрде тамыз айында және қосымша желтоқсан айында ұйымдастырылады, — деп жазды министр.
Министрдің сөзінше, бұл норма 2021 жылы күшіне енеді. Осы мақсатта Ұлттық тестілеу орталығының қызметкерлері кешенді тестілеу мен түсу емтихандарын қосымша ұйымдастырады. Құжаттарды қабылдау қараша айында басталады.
Әрине, құжаттары мен емтихандарын тапсыруға, қажетті сертификаттарды алуға үлгермеген азаматтар үшін бұл жағымды жаңалық екені сөзсіз. Жазғы қабылдау науқаны мен өткізілген емтихандардың қорытындысы бойынша магистратура мен докторантураға арналған білім беру гранттарының артық қалуына байланысты азаматтар осы жылдың желтоқсан айында мемлекеттік гранттарды иелене алады. Дайындық бағыттары бөлінісінде гранттардың саны мен құжаттарды қабылдаудың нақты мерзімдері туралы ақпарат қосымша жарияланады, — делінген министрдің жазбасында.
Еске салайық, 20 тамызда 2021-2022 оқу жылына арналған магистратура бойынша білім гранттары иегерлерінің тізімі жарияланды.