Деменцияның пайда болу қаупіне тек жас немесе тұқым қуалаушылық емес, адамның қай елде тұратыны да әсер етуі мүмкін. АҚШ-тың Оңтүстік Калифорния университеті (USC) бастаған халықаралық зерттеу осындай қорытындыға келді. Ғалымдар 14 ел мен аймақта тұратын 214 мыңнан астам адамның деректерін талдап, деменцияны алдын алудың бірыңғай тәсілі барлық мемлекетке бірдей тиімді бола бермейтінін анықтады. Baribar.kz халықаралық зерттеудің негізгі нәтижелерін назарларыңызға ұсынады.
Зерттеу қалай жүргізілді?
Зерттеу нәтижелері Лондонда өткен Alzheimer’s Association International Conference (AAIC) 2026 халықаралық конференциясында таныстырылып, кейін The Lancet Healthy Longevity журналында жарияланды.
Ғалымдар АҚШ, Англия, Ирландия, Солтүстік Ирландия, Еуропаның бірнеше өңірі, Қытай, Үндістан, Оңтүстік Корея, Малайзия, Мексика және Бразилияны қоса алғанда 14 ел мен аймақта тұратын 214 мыңнан астам егде жастағы адамның мәліметтерін зерттеген.
Елге байланысты қауіп факторлары да өзгереді
Зерттеу авторлары деменцияның алдын алуға ықпал ететін қауіп факторлары әр елде әртүрлі таралғанын анықтады. Яғни бір мемлекетте деменция қаупін арттыруы мүмкін белгілі бір фактор кең таралса, басқа елде ол сирек кездеседі.
Мысалы, Қытайда егде жастағы адамдардың 85,6%-ының білім деңгейі төмен болған. Ал АҚШ-та мұндай адамдардың үлесі небәрі 12%. Ғалымдардың айтуынша, білім деңгейінің төмен болуы деменция қаупін арттыратын факторлардың бірі.
Сол сияқты артық салмақтың таралуында да үлкен айырмашылық байқалған. АҚШ-та егде жастағы адамдардың 44,9%-ында дене салмағы индексі (BMI) қалыпты деңгейден жоғары болса, Үндістанда бұл көрсеткіш 13,3% ғана болған.
Зерттеушілердің пікірінше, мұндай айырмашылықтар елдердің білім беру жүйесіне, өмір салтына, тамақтану ерекшелігіне, денсаулық сақтау қызметінің қолжетімділігіне және әлеуметтік-экономикалық жағдайына байланысты болуы мүмкін. Сондықтан деменцияның алдын алу шаралары да әр мемлекеттің ерекшелігін ескере отырып әзірленуі қажет.
Кейбір қауіп факторлары барлық елде бірдей
Елдер арасында айырмашылық болғанымен, кейбір қауіп факторы барлық өңірде бірдей.
Мысалы, қан қысымы мен холестериннің жоғары болуы жиі байқалған. Сол сияқты темекі шегу мен алкогольді шамадан тыс тұтыну да көбіне бірге кездесетін факторлардың қатарына кірген.
Зерттеу авторларының бірі Эмма Николстың айтуынша, дәл осы ұқсастықтар деменцияның алдын алу бағдарламаларын тиімді жоспарлауға көмектесуі мүмкін.
Деменцияның алдын алуға бола ма?
Зерттеушілер деменция қаупі алдын ала толық анықталмайтынын атап өтті. Көптеген қауіп факторы адамның өмір салтына байланысты өзгеруі мүмкін.
Олардың қатарында:
- жоғары қан қысымының жоғары болуы;
- темекі шегу;
- дене белсенділігінің төмендігі;
- есту қабілетінің нашарлауы;
- депрессия;
- әлеуметтік оқшаулану;
- артық салмақ;
- қант диабеті сияқты факторлар бар.
Сондықтан ғалымдар әр ел тұрғындардың ерекшеліктерін ескере отырып, деменцияның алдын алу бағдарламаларын әзірлеуі қажет деп санайды.
Деменцияның алғашқы белгілері
ДДҰ мәліметінше, деменцияның алғашқы белгілері мыналар:
- жуырда болған оқиғаларды немесе маңызды ақпаратты жиі ұмыту;
- заттарды жоғалтып алу немесе қайда қойғанын есіне түсіре алмау;
- тіпті жақсы таныс жерде жүріп, бағыттан жаңылу;
- уақытты немесе күнді шатастыру;
- қарапайым мәселелерді шешуде немесе шешім қабылдауда қиналу;
- әңгімеге ілесу немесе қажет сөз таба алмау;
- күнделікті үйреншікті істерді орындай алмау;
- заттардың арақашықтығын немесе орналасуын дұрыс бағдарламау.
Мінез-құлқындағы алғашқы өзгерістер
ДДҰ-ның айтуынша, кейбір адамдарда есте сақтау қабілеті нашарламай тұрып-ақ мінез-құлқы мен көңіл күйінде өзгерістер байқалуы мүмкін. Олар:
- мазасыздану, ашулану немесе көңілсіз жүру;
- мінезінің өзгеруі;
- орынсыз әрекеттер жасау;
- қоғамнан немесе жақындарынан алшақтай бастау;
- өзгелердің сезіміне назар аудармау.
Маңызды: Бұл белгілердің бір немесе бірнешеуі байқалса, адамның міндетті түрде деменциямен ауыратынын білдірмейді. Мұндай өзгерістерге басқа жағдайлар да себеп болуы мүмкін. Сондықтан нақты диагнозды тек дәрігер арнайы тексеруден кейін қоя алады.
Бұл неліктен маңызды?
Дүниежүзінде халықтың қартаюына байланысты деменциямен ауыратын адамдар саны жыл сайын артып келеді. Жаңа зерттеу көрсеткендей, аурудың алдын алу үшін барлық мемлекетке бірдей тәсілді қолдану жеткіліксіз болуы мүмкін. Оның орнына әр елдегі негізгі қауіп факторларын ескеретін жеке стратегиялар әлдеқайда тиімді болуы ықтимал.
Зерттеу өмір салтын жақсарту арқылы деменция қаупін азайтуға болатынын тағы бір рет көрсетті.
