Нұр-Сұлтанда көлігінен қару мен оқ-дәрі табылған ер адам ұсталды

Тәртіп сақшылары «Құқықтық тәртіп» жедел алдын алу шарасы барысында сағат 22:05-те Баршын көшесінде алдын ала берілген жедел ақпарат бойынша 32 жастағы ер адам тізгіндеген «TOYOTA» маркалы автокөлігін тоқтатты.

Ұсталған азаматтың көлікке қатысты құқық белгілеуші құжаттары жоқ екені анықталды. Бұған дейін ол бірнеше рет қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Көлікті тексеру барысында үш ас үй және аңшылық пышақ, 32 мм калибрлі тегіс ұңғылы қару және оның патрондары тәркіленді.

Аталған факті бойынша ҚР ҚК 287-бабы («Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру») негізінде қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.