2021 жылдың шілдесінде ұялы телефондарға арналған бұйымдар саудасы айтарлықтай артыпты. Мысалы, телефонмен үнемі жұмыс істегендіктен оны қатты қызып кетуден қорғайтын салқындатқыш құралдарды қолданушылар 3 есе көбірек сатып алатын болған.
Тұғыр ретінде қолдануға болатын әрі смартфонды ұстауды ыңғайлы ететін арнайы ілмектері бар қаптамалар былтырмен салыстырғанда 2,5 есе көп сатылған. Телефонға арналған, мәтінді ыңғайлы әрі тез жазуға көмектесетін пернетақтаға деген сұраныс та 6 есе өскен.
Блогты сәтті жүргізу үшін әдетте блогер жиі пост жариялап, сториз түсіреді. Былайша айтқанда, көрермен алдынан ұзамауға тырысады. Ол үшін әлеуметтік желі белсенділері контент-жоспар жасап, фото мен видеотүсірілімді жоспарлап, планерге жазып отырады. Осыған байланысты болса керек, Қазақстан блогерлері планерді жиі сатып ала бастапты. 2021 жылы олардың сатылымы 6 есе артқан.
Блогерлер аудиториясына сапалы контент ұсыну үшін селфиге жарық беруге қолданылатын портатив шамдар мен дыбысты анық жазуға арналған аудиоілмектерге (петличка) көбірек тапсырыс беріпті. Біріншісінің сатылымы биыл 2 есе артса, екіншісінікі 1,5 есе өскен.
Ұялы телефондар сатылымына жеке тоқталмаса болмайды. Блог жүргізетіндер арасында ең көп сатып алынатыны да смартфондар. Олардың ішінде POCO X3 Pro, Xiaomi Redmi 9 T және Xiaomi Redmi Note 10 Pro модельдері ең танымалы болып отыр.
Эксперттер блог жүргізушілер пост пен сториздің визуалына қатта мән беретінін айтады. Блогерлер аудитория әуелі визуалға назар салады деп есептейді. Сондықтан түсірілім өткізетін жердің көрер көзге әдемі, үйлесімді болғанын қалайды.
Ол үшін қабырғаға жапсыратын композициялар, кепкен гүлдердің стильді дестесі, қабырға суреттері, ілмелі әшекейлер сияқты үй бұйымдарының түрлі элементіне көптеп тапсырыс беріледі. Безендіруге арналған мұндай элементтер сатылымы бір жыл ішінде 1,7 есе артыпты.
Парақшасының барынша әдемі болғанын қалайтын блогерлер имиджге де көңіл бөледі. Жұрт алдында жинақы, тартымды болып шығуға тырысады. Оны мэйкапқа арналған тауар сатылымының 1,3 есе өскенінен байқауға болады. Ең танымал тауарлар қатарын мыналар кіреді: кірпік өсіруге арналған жинақ, макияжға арналған қылқалам, қабақ формасын түзетуге арналған жіп, ерінге арналған тинт, көзге арналған бояу жинағы.