Каратэші Софья Берульцева Токио Олимпиадасынан қола алды

61 келіден жоғары салмақта сынға түскен каратэші Софья Берульцева жартылай финалда египеттік Фериял Абделазизбен кездесті.

Тартысты жекпе-жекте Берульцева 4:5 есебімен жол берді. Осылайша, Токио Олимпиадасының қола жүлдегері атанды.

Айта кетейік, бұл — Қазақстан құрамасы үшін Токио ойындарындағы сегізінші қола медаль.

ФОТО: Тұрар Қазанғапов, Қазақстан ҰОК

20 жасар спортшы топтық кезеңде үздік атанып, уақытынан бұрын жартылай финалға жолдама алған еді

Жарыстан кейін журналистерге берген сұхбатында спортшы әсерін бөлісіп, көзіне жас алды.

Әрине, қуаныштымын. Бірақ финалға шығуға болатын еді. Барымды салдым. Кішкене жетпей қалды… Финалға кішкене жетпей қалғанда өкініштен көзіме жас келді. Бүгінгі қарсыластарымның ешқайсымен осы уақытқа дейін жарыста кездескен емеспін. Жартылай финалда бір-екі соққы алғаннан кейін кішкене тапырақтап қалдым. Бұл жерде төрешіні де, ешкімді де кінәлай алмайсың. Бәрі әділ өтті. Нәтижесі — осы, — деді спортшы қыз.

Софья Берульцева Олимпиада ойындарына жолдаманы соңғы сәтте алды. Ол каратэден лицензиялық жарыста ұтылып қалып, Олимпиада жолдамасынан тыс қалған еді. Дегенмен Азия аймағында олимпиадалық циклда әйелдер арасында ең көп ұпай жинаған спортшы ретінде Халықаралық карате федерациясының D3 картасына ие болып, Токио Олимпиадасына қатысуға мүмкіндік алды.

Жолдаманы соңғы сәтте алғаным өзіме жақсы болды. Көбісі рейтинг бойынша жолдамаға ие болып, біраз жарыстарға қатыспай жүрді. Біз жарысты да, жаттығу жиындарын да тоқтатқан жоқпыз. Формамызды сақтап, соңғы сәтке дейін дайындалдық. Осы тұрғыдан жолдаманы соңында алғанның мен үшін пайдасы көп болды, — дейді ол.

ФОТО: Тұрар Қазанғапов, Қазақстан ҰОК

Софьяның медалі — каратэден Қазақстан құрамасының Токио Олимпиадасындағы екінші жүлдесі. Ол каратэден Олимпиада ойындарында әйелдер арасында  жүлде алған тұңғыш қазақстандық спортшы ретінде ел спортының тарихына енді. Каратэші Олимпиаданың қола жүлдесімен тоқтап қалмайтынын жеткізді.

Бізге мұнымен тоқтауға болмайды. Алда бізді Азия және әлем чемпионаты күтіп тұр. Біраз демалыс алып, қалпымызға келіп, жаттығуымызды әрі қарай жалғастырамыз, — дейді каратэші.

20 жасар Софья бүгінгі жүлдесін марқұм ұстазы Жасталап Санауовқа арнады. Каратэден Қазақстан ұлттық құрамасы бас бапкері болған ол 2020 жылдың 31 желтоқсанында дүниеден озған.

Жасталап ағаның қайтқаны бәрімізге өте қатты әсер етті. Біздің осы Олимпиадаға келуіміз үшін барын салды. Бізге де көмектесті, федерацияға да көмектесті. Медалімді соған (Жасталап Санауовқа) арнаймын, — деп көзіне жас алды.

Осылайша, Қазақстан Токио-2020 Олимпиадасын ресми түрде аяқтады. Қазақстан спортшылары жалпы 8 қола медаль алып, қазіргі уақытта 81-орында тұр.

Қола медальді Софья Берульцевамен қатар каратэден Дархан Асаділов, еркін күрестен Нұрислам Санаев, бокстан Қамшыбек ҚоңқабаевСәкен Бибосынов, дзюдошы Елдос Сметов, ауыратлеттер Игорь Сон мен Зүлфия Чиншанло иеленді.