Елена Рыбакина дүниежүзіндегі топ-20 теннисшінің қатарына қайта енді

Елена Рыбакина әйелдер теннис қауымдастығының (WTA) жаңартылған рейтингісінде 21-ден 20-орынға көтерілді.

Юлия Путинцева 42-орыннан 43-ке сырғыса, Зарина Дияс 101-сатыда қалды.

Дүниежүзілік рейтингіде аустралиялық Эшли Барти бұрынғыша көш бастаса, жапониялық Наоми Осака екінші, румыниялық Симона Халеп үшінші орында келеді.

Ерлер арасында Кәсіпқой теннисшілер қауымдастығы (ATP) рейтингісінде Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик те 39-дан 38-сатыға, Михаил Кукушкин 106-дан 105-ке көтерілді. Дмитрий Попко 187-орында тұр.

Үздік үштікте – сербиялық Новак Джокович, ресейлік Даниил Медведев, испаниялық Рафаэль Надаль.