Қазақстан мен Беларусь президенттері вакцинация үшін қабылданып жатқан шаралар жөнінде сөйлесті

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарына қарағанда, әңгімелесу барысында мемлекет басшылары Қазақстан мен Беларусь арасындағы көпжақты ынтымақтастықтың, стратегиялық серіктестік пен одақтастықтың қазіргі жағдайын және оны нығайтудың перспективаларын талқылады.

Тараптар өзара сауда-саттық көлемін арттыруға, машина жасау, ауыл шаруашылығы, көлік және басқа да салалардағы бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мән бере отырып, сауда-экономикалық ықпалдастық пен өндірістік кооперацияны жан-жақты жандандыруға ерекше назар аударды.

Бұған қоса, президенттер өңірдегі эпидемиология ахуалын, сонымен қатар екі ел халқын жаппай вакциналау үшін қабылданып жатқан шаралар жайында пікір алмасты. Осы ретте мемлекет басшылары COVID-19 пандемиясының теріс салдарын еңсеру жөніндегі үйлесімді іс-қимылдарды жалғастыруға ниетті екенін нақтылады.