«Отпен ойнап жүргенін білмейді». Алтай Көлгінов астаналықтарға үндеу жасады

Астана әкімі бұл туралы Instagram-парақшасында жазды.

«Құрметті елорда тұрғындары мен қонақтары!

Біз әлі де «қызыл» аймақтамыз! Күнделікті COVID-2019 инфекциясының 250-300 дерегі анықталады. Бір жағынан, бұл ПТР тестілерінің санын көбейту арқылы, екінші жағынан, оқшаулау мен санитария нормаларының бұзылуынан болып отыр. Ashyq жобасы арқылы карантин талаптарының өрескел бұзылғанын көріп отырмыз. Өзін-өзі оқшаулауға тиіс (байланыста болған, жұқтырған) азаматтар бар, бірақ олар адам көп жиналатын орындарға баруын тоқтатар емес. Осылайша, коронавирустың таралуына әсер етіп жатыр. Мұндай адамгершілікке жатпайтын бұзушылықтарды тоқтатып, жолын кесеміз!

Қала тұрғындарын сырқаттанған адамдардың статистикасына бей-жай қарамауға шақырамын. Әрбір санның артында бір адамның өмірі, олардың отбасыларының тағдыры тұр!

Медициналық рұқсаты жоқ және әлі вакцинацияланбаған адамдар отпен ойнап жүргенін білмейді: олар ерте ме, кеш пе жеңіледі. Бұл ретте өз денсаулығын ғана емес, туыстарына, жақындарына және қоршаған ортаға қауіп төндіреді!

Былтыр, яғни жағдай бұдан да ауыр кезде санитария нормаларын сақтаудан басқа амалымыз болмаған еді, ал 2021 жылдың басынан бастап вакцинация басталды! Вакцинация пунктілері медицина мекемелерінде, сонымен бірге қала тұрғындарына ыңғайлы болу үшін сауда ойын-сауық орталықтары, сауда үйлері және адам көп жиналатын басқа да орындарда ашылды. Вакцинация бәріне тегін жүргізіледі. Оның бірнеше түрі бар.

Көршілес елдерде коронавирустың таралуы күшейіп жатқанын білеміз. Штамдардың жаңа түрлері пайда болады. Өзге елдерде карантиндік қосымша шектеулер енгізіліп, жаңа инфекциялық стационарлар ашылып жатыр.

Коронавирустың ең ауыр кезеңінде астанада төрт мыңнан астам төсек-орын аштық. Инфекциялық стационарларда нон-стоп режимінде сегіз мыңнан астам медицина қызметкері жұмыс істеді.

Қазіргі уақытта біздің стационарларда 1 000-ға жуық адам ем алып жатыр. Төсек орындарының жүктемесі қазірдің өзінде 50% болды.

Қаламызға қосымша шектеулер енгізгіміз келмейді. Бұл қала экономикасына, тұрғындардың әл-ауқатына әсер етеді. Сонымен қатар күзде жаңа оқу жылы басталады. Бірақ балаларымыз үшін мектептерді қайта аша алмаймыз.

Ұжымдық иммунитет қалыптасқанға дейін қаламыз қалыпты режимге оралмайды.

Вакцинация — адам өмірін қауіпті вирустан құтқаратын жалғыз панацея. Біз ешбір дәлелі жоқ, ауыздан ауызға таралған, интернетте, чаттарда жазылған жалған әңгімелерге емес ғылыми түрде дәлелденген қорғану тәсіліне сенуіміз керек. Вирус адам жасына қарамайды. Оған бәрібір. Ол мейірімділікті білмейді!

Достар, өзіңіздің, жақындарыңыз бен туыстарыңыздың өміріне бей-жай қарамауыңыз керек! Біз айналамыздағы адамдар үшін жауаптымыз! Вакцинация арқылы өзімізді қауіпсіздендіре отырып, жақындарымызды қатерден сақтаймыз!» — деп жазды Алтай Көлгінов.

Айта кетейік, 21 маусымның қорытындысы бойынша елімізде 943 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды. Оның 323-і Нұр-Сұлтанда тіркелді.