Қазақстанда коронавирустың «үнділік» жаңа штамы болуы мүмкін

Нұр-Сұлтанда COVID-19 инфекциясымен сырқаттанушылық деңгейінің күрт өсуіне байланысты министрлік коронавирус жұқтырған науқастардан алынған оң зертханалық үлгілердің ПТР скринингін өткізді. Скрининг нәтижелері бойынша «Дельта» штамына («үнділік» штамм) тән мутацияға күдікті жағдай анықталды.

Мутацияның болуын және оның «Дельта» штамына жататындығын түпкілікті растау ДНҚ үлгілерін толық геномдық секвенирлеу аяқталғаннан кейін белгілі болады.

«Дельта» коронавирус штамы аса контагиозды және анықталған штамдарға қарағанда жұқпалылығы 60%-ке жоғары, қазіргі айналымдағы штамдар 1 адамнан орта есеппен 3-4 адамға таралатын болса, бұл штамм 5-6 адамға бірден жұғады және 7 күнге созылатын қысқа инкубациялық кезеңмен сипатталады.

Сонымен бірге індетті жұқтырғандар буындар мен іштің қатты ауырсынуын сезінеді, жүрек айнып, лоқсиды, ауру салдарынан адам саңырау болып қалуы әбден мүмкін және аяқтардың микротромбозына әкеледі.   

Кейінгі зерттеулер көрсеткендей, коронавирустың «үнділік» штамы ауруханаға жатқызу мен өлім-жітімнің жоғары ықтималдығымен байланысты.

Осыған орай Денсаулық сақтау министрлігі әрбір қазақстандықты өз денсаулығы мен жақындарының өміріне аса сақтықпен, жауапкершілікпен қарауды үндейді.

Инфекциядан қорғану мен ауруханаға жатудан аман қалудың бірден бір жолы COVID-19 вирусына қарсы вакцинаның толық курсын алу.

Коронавирусқа қарсы екпе алуға қарсы көрсетілімдері жоқ әрбір азаматқа қысқа мерзімде вакциналануға кеңес береміз, — делінген хабарламада.

Сондай-ақ вирус таралуының алдын алу мақсатында барлық профилактикалық шараны қатаң орындау қажет: маска тағу, әлеуметік арақашықтықты сақтау, қол гигиенасы, үй-жайларды желдету, т.б.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 2021 жылғы 20 маусымдағы мәліметтері бойынша SARS-CoV-2  «Дельта штамм» әлемнің 174 елінде анықталған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тағы да