Сот шешімі: Мамай мен Иманбай Бауыржан Байбекке жала жауып, беделіне нұқсан келтірген

Еске сала кетейік, шағымда «Нұр Отан» партиясы төрағасының орынбасары Мамай мен Иманбаева жариялаған ақпараттың өзінің ар-намысына, іскери беделіне нұқсан келтіретінін көрсетіп, бұл мәліметті шындыққа сай емес деп табуды сұраған болатын.

Сот азаматтық істі қарастыра келе жауапкерлердің Бауыржан Байбек туралы таратқан ақпаратын шындыққа сай емес және ол ар-намыс, іскери беделге нұқсан келтірді деп танып, Жанболат Мамай мен Инга Иманбайды сот шешімі күшіне енген соң 10 күн ішінде жарияланған мәліметті терістеп, өшіруге міндеттеді.

Әуезов ауданының азаматтық сотының Facebook әлеуметтік желісінде жариялаған ақпаратына сәйкес, 2021 жылдың сәуірінде жауапкерлер YouTube-те «Демократиялық Қазақстан/Демократический Казахстан» каналына 4 видео жариялаған, кейінірек оны Facebook, Instagram әлеуметтік желілеріндегі жеке парақшаларына салған.

Бауыржан Байбек талап арызында бұл видеода оның жеке басына қарсы бағытталған, ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне нұқсан келтіретін айыптау, жалған ақпарат таралғанын көрсеткен болатын.

Алайда жауапкерлер өздерін журналист санайтынын, сәйкесінше, жарияланған видеоматериалдардың «аналитика» түрінде бағаланған журналистік тергеу санайтынын, онда мәліметтің ашық дереккөздерден алынғанын жеткізіп, талап-арызды қанағаттандырмауды сұрады.

Заңнама бойынша, таратылған ақпараттың рас екенін дәлелдеу — жауапкердің міндеті. Алайда Жанболат Мамай мен Инга Иманбаева сот отырысы барысында әлеуметтік желілерде келтірілген ақпараттың шын екенін дәлелдей алмаған. Сөзіне негіз ретінде ол тек әлеуметтік желілердегі постылар мен БАҚ-тағы мақалаларға ғана сілтеме берді. Сонымен қатар талап-арыздың кей пунктін жоққа шығармады.

Бұл ретте таралған ақпараттың дереккөзі ретінде аноним телеграм-арнаның қолданылғанын айта кету керек. Бұл ресурста тексерілмеген ақпарат жарияланады.

Аталған жайттарды ескере келе, сот жауапкер тарап таратқан барлық ақпарат еш дәлелденбеген деген шешімге келді.

Сонымен қатар психолого-филологиялық сараптама нәтижесі бойынша, Мамай мен Иманбаева таратқан ақпарат шағым берушінің ар-намысына, іскери беделіне нұқсан келтіреді деп танылды.

Сот шешімі заңды күшіне енгенге кейін тараптар оны қайта қарастыруға шағым түсіре алады.