11 жастағы қыз сел қалай басталғанын және жартасқа қалай шығып көмек күткенін баяндады.
Жаңбыр жауып кетті, сыныппен тығылдық. Сосын бұршақ жауды. Су жинала бастады. Бәріміз тастан ұстап тұрдық, бірақ тас бізді ұстай алмады. Басында тастан ұстап тұрдым, сосын жібере салдым, — деді ол.
«Су ағызып кетті ме?» деген сұраққа былай жауап берді:
Білмеймін, көзімді ашқан жоқпын. Сосын тасты ұстап, тасқа шығып алдым. Сол жақта жартас болды, соның үстіне шықтым.
Құтқарылған қыздың әкесінің айтуынша, қызын табуға ендігі үміт жоқ деп айтқандар болған.
Қызымыз аман-есен табылды. ТЖМ-ге, іздеген адамдарға алғысымыз шексіз. Тікұшақпен әкелді. Алматыға дедік, Алматыға алып келді. Қазір енді қалаға кетіп бара жатырмыз. Аяқкиімі табылғаннан кейін бәрі үміт жоқ деп айтты. Аллаға шүкір, ТЖМ-ге көп рақмет. Қызымның бағы бар екен, — деді құтқарылған қыздың әкесі.
Еске салайық, 29 мамырда Алматы облысының Ұйғыр ауданындағы Шарын шатқалында сел жүрді. Салдарынан алты адам жарақат алды, екі адам қайтыс болды. Кейін қайтыс болғандардың Алматыдағы №199 гимназия оқушысы мен мұғалімі екені анықталды.
Бұған дейін селден бір оқушының жоғалып кеткені хабарланған еді, ол 11 жастағы қыз болып шықты. Ол таңғы 9:34-те Шарын өзенінің сол жағалауында оқиға орнынан 3-4 шақырым жерден табылды. Кейін қызды құтқару сәтінің видесы жарияланды.