Шарында жоғалған 11 жастағы оқушы аман табылды

Бұл туралы Tengrinews.kz хабарлады.

Министрліктің ресми өкілі Талғат Уәли Шарын шатқалында 2021 жылдың 30 мамырында жоғалып кеткен қызды құтқару жұмысы туралы баяндады.

Сағат 9:34-те Шарын өзені бойындағы жағалау сызығын шолу әдісімен жерүсті іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізу кезінде «Шарын шатқалы» МҒНП қызметкері 2010 жылы туған қызды анықтады.

Ол Шарын өзенінің сол жағалауында оқиға орнынан 3-4 шақырым жерден табылған (шатқал биіктігі 800-ден 1500 метрге дейін, өзен бойындағы осы учаскедегі жағалау сызығы — адам өтуі қиын жерлер), — деді министрлік өкілі.

Алматы облысының құтқарушылары алғашқы медицина көмегін берген.

Алдын ала мәлімет бойынша қыз жарақат алған, жағдайы орташа ауыр. Қазіргі уақытта зардап шеккен адамды білікті медицина көмегін беру үшін «Қазавиақұтқару» АҚ авиациялық техникасын пайдалана отырып Алматыдағы медицина мекемесіне тасымалдау мәселесі шешіліп жатыр, — деді Талғат Уәли.

Еске салайық, 29 мамырда Алматы облысының Ұйғыр ауданындағы Шарын шатқалында сел жүрді. Салдарынан алты адам жарақат алды, екі адам қайтыс болды. Кейін олардың Алматыдағы №199 гимназияның оқушысы мен мұғалімі екені анықталды.